Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 453 млн-нан асты

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Биылғы қаңтар айының басында ДДҰ-ның мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 290 миллионнан асқан еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2020 жылы 11 наурыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирусты «пандемия» деп жариялаған еді. Содан бері коронавирусты 453 млн адамның жұқтырғаны белгілі болды. Биылғы қаңтар айының басында ДДҰ-ның мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 290 миллионнан асқан еді. Бір айдан кейін бұл көрсеткіш 376 миллионға артса, наурыздың басында 435 миллионға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

2020 жылы 11 наурызда Женевада өткен баспасөз мәжілісінде ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус КВИ-ді пандемия деп атады. 

«Біздің болжам бойынша, алдағы уақытта ауру жұқтырғандар қайтыс болатындар және зардап шеккен елдер саны артады... Осыған байланысты біз COVID-19-ды пандемия ретінде сипатталуы мүмкін деген баға беріп отырмыз», - деп жазды ол ДДҰ-ның Twitter парақшасында. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, екі жыл ішінде әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 453 миллионнан асып, 6,03 миллион адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте ауруды жұқтырғандар саны 1 816 925 адамға өсіп, 7 163 адам қайтыс болған. Жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары (78,6 миллионнан астам) көш бастап тұр. 2-орында - Үндістан (42,9 миллион), 3-орында - Бразилия (29,1 миллион). Коронавирустан ең көп қайтыс болғандар саны жағынан да жоғарыда аты аталған үш мемлекет алдыңғы қатарда. АҚШ-та -954 мың, Бразилия - 652 мың және Үндістанда 515 мың адам тіркелген. Еуропада «дельтакрон» штамы тіркелді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Төтенше жағдайлар бөлімі техникалық тобының жетекшісі Мария ван Керкхове баспасөз мәжілісінде Еуропада коронавирустың «дельтакрон» штамы тіркелгенін атап өтті. 

«Ол Францияда, Нидерландыда және Данияда анықталды. Бірақ жұқтыру деңгейі өте-өте төмен», - деді ол. 

Сондай-ақ Ван Керкхове «дельтакрон» «дельта» мен «омикрон» штамдарының бірігуі салдарынан пайда болғанын да еске салып өтті. Қаңтар айының басында Кипр университетінің биологиялық ғылымдар факультетінің бір топ ғалымдары коронавирустың жаңа штамы – «дельта» мен «омикрон» гибридінің пайда болғаны жөнінде хабарлаған еді. Испанияда КВИ-мен күресу үшін жаңа «жол картасы» енгізілмек ИспанияныңДенсаулық сақтау министрлігі мен елдің автономиялы қауымдастықтары коронавирус пандемиясымен күресудің жаңа стратегиясын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс пандемияның келесі кезеңін анықтайтын «жол картасы» түрінде жасалып, жүргізілетін болады. Ғимарат ішіндегі міндетті маска режимі қашан алынып тасталатыны да осы жобада қарастырылмақ. Осы мақсатта орталық және аймақтық үкіметтердің өкілдері Сарагосадағы «Қоғамдық денсаулықты қадағалау жөніндегі ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің конференциясында» кездеседі. Біріншіден, техникалық мамандар денсаулық дағдарысын еңсерудің жаңа критерийлерін ұсынған, ал 10 наурызда ел үкіметі оны бекітеді деп жоспарланған. Францияда аурханаға түскендер саны азаюда Францияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирусқа қатысты ауруханаларға түскендер саны азайып отыр. Француз ауруханаларына COVID-19-бен ауыратын 21 509 науқас жатқызылған, өткен тәулікте 1 147 адам ауруханаға түскен. 1962 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар соңғы 24 сағатта COVID-19-дан 136 адам қайтыс болды. 

Жалпы індет басталғалы бері Францияда 111 511 тұрғынын қайтыс болды. Аустралия КВИ-мен күреске 2,1 миллиард доллар бөлмекші 11 наурызда Аустралия аумақтарының үкімет басшылары мен штаттарының премьер-министрлері Ұлттық министрлер кабинетінің отырысында кездеседі деп жоспарланып отыр. Кездесудің негізгі тақырыбы - омикрон штамының жаңа нұсқасының таралуының алдын алу. Тұмаудың кеңінен таралуына әкелетін коронавирустың жаңа субштамымен күресу үшін билік 2,1 миллиард доллар бөлмекші. Сонымен қоса Аустралияның денсаулық сақтау министрі Грег Хант баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде елдегі медицина органдары қазір азаматтарға бекітілген вакциналардың төртінші дозасымен COVID-19-ға қарсы қайта вакцинациялауды ұсыну мәселесін белсенді түрде қарастырылып жатқанын айтұан еді. Оның сөзінше, австралиялық иммундау бойынша техникалық кеңес беру тобы бірнеше апта бойы вакцинаның төртінші дозасын енгізу туралы ұсынысты зерттеу үстінде. Министрлік бастапқы зерттеулерден кейін реттеуші орган 65 және одан жоғары жастағы адамдарға екінші күшейткіш дозаны ұсынбақшы. Швецияда қайтыс болғандар саны артты Швецияда COVID-19-дан тіркелген өлім-жітім саны өткен тәулікте 56-ға өсті. Елде жалпы COVID-19-дан барлығы 17 749 адам қайтыс болды. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 2 465 099-ға жеткен. Сонымен қоса елде 12 жастан асқан 7 810 213 адам (86,9%) COVID-19 вакцинасының бірінші дозасын, 7 600 009 (84,6%) екінші дозасын алған. 18 жастан асқан 5 037 058 швед ревакциналаудан өтті (61,0%). 

Еске салайық, 22 ақпаннан бастап екпе егілгендер туралы ақпарат бейсенбі күндері ғана жаңартылады. Оңтүстік Кореяда 300 мыңға жуық азамат КВИ жаңа түрін жұқтырды Оңтүстік Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, елде өткен тәулікте коронавирустың жаңа түрін 282 987 адам жұқтырғаны тіркелген. Орталықтың дерегінше, 282 880 жағдай инфекцияның ел ішінде таралуына байланысты тіркелсе, қалғаны республикаға шетелден келген. Осылайша, Оңтүстік Кореяда SARS-CoV-2 инфекциясының тіркелген жағдайының жалпы саны 5 822 626-ға жетті. Сонымен қатар соңғы тәулікте елде пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 229-ды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен. Ал жалпы 9875 адам COVID-19-дың құрбаны болды. Румынияда вирус жұқтырғандар саны азаюда Румынияда өткен тәулікте SARS-CoV-2 инфекциясының 4176 жаңа жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 12%-ға аз. Ресми ақпаратқа сәйкес, жұқтырғандар санының төмендеуі елдің солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарында тіркелген. Сонымен бірге Бухарест, Яссы, Бухау және басқа да ірі қалаларда коронавируспен ауыратындар көрсеткіші жоғары екені әлі де байқалып отыр. 10 наурыздағы жағдай бойынша, COVID-19 жұқтырған Румыния азаматтарының жалпы саны 2,78 миллионды құрады, оның ішінде 64 156 науқас қайтыс болды. 

Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны қайтадан артып келеді Қазақстанда 2022 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша, өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланды. Оған сәйкес, «қызыл» және «сары» аймақтарда орналасқан өңір жоқ. «Жасыл» аймаққа барлық өңір енген: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары. Дегенмен коронавирус жұқтырғандар саны қайта артып келеді. Өткен тәулікте елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 119 жағдайы тіркелді. Айта кетейік, 9 наурызда қауіпті індет 89 адамда тірклеген болатын. Жалпы пандемия басталғалы Қазақстанда 1 304 220 адамнан коронавирус анықталды. Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметінше, КВИ-ге қарсы вакцинаның І компонентін 9 415 905 адам, ІІ компонентін 9 052 853 адам салдырған. Сондай-ақ елімізде жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды «Pfizer» вакцинасымен егу жалғасуда. 10 наурыздағы дерекке сәйкес, аталған вакцинаның І дозасын 889 821 адам, ІІ дозасын 677 501 адам салдырды.

Новости партнеров