Ақмола облысында той жасағандар жауапкершілікке тартылды

07.02.2021 22:06

Мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Хан сарайы» мейрамханасында «Тиолайн» ЖШС фирмасы 200 адамның қатысуымен корпоративтік іс-шара өткізгендігін анықтады

Фото: ашық дереккөзден алынды

Ақмола облысында карантин режимін бұза отырып, көпшілік шаралар өткізілгендігі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 2021 жылдың 6 ақпанында Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында мониторингтік топ карантин режимі бұзылғанын анықтады. Мұнда 80 адамның қатысуымен 70 жылдық мерейтой ұйымдастырылды. 

Бұдан бөлек, мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Алтын шаңырақ» қонақүй кешенінде үйлену тойы өткізілгендігін анықтады. 

«Бұл кешен карантиндік талаптарды елемей, жаппай іс-шаралар өткізіп тұрады. Әкімшілік жауапкершілікке 4 рет тартылды. Көкшетау қаласының санитарлық қызметі жоспардан тыс тексеру жүргізді. Той өткізу фактісі бойынша ұйымдастырушы мен жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді ведомстводан.

Сонымен бірге, мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Хан сарайы» мейрамханасында «Тиолайн» ЖШС фирмасы 200 адамның қатысуымен корпоративтік іс-шара өткізгендігін анықтады. 

«Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы іс-шараны ұйымдастырушы мен өткізген мекемеге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425 бабы 1 бөлігі бойынша жауапқа тарту шараларын қабылдайтын болады», – деп толықтырды ведомстводан.