Ол туралы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді
Мамыр айының соңына дейін коронавирус жұқтырғандар саны 5300-ден асуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол туралы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 бойынша болжамға өзгерістер енгізіп отыр. Еске сала кетейік, бір апта бұрын мамырдың соңына дейін елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 4 мыңға жетуі мүмкін екені айтылған еді. Дегенмен соңғы апталарда жұқтырғандар саны 8 пайыздан 5 пайызға төмендеген.
«Жалпы Қазақстан бойынша біз сәуір айының соңына дейін 3400-ге жуық жағдайды болжап отырмыз. Мамыр айының соңына дейін бұл 5300-ге жетеді деп ойлаймыз. Болжамдарымызды түзетудің себебі шекара маңындағы аумақтардан әкелінген адамдар айтарлықтай көп. Атап айтсақ, соңғы екі аптада 200-ден астам факт тіркелді. Яғни бұл сандар тек ішкі қауіп қана емес, сыртқы қауіптің барын көрсетеді», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА.
Бас санитар алдағы уақытта короновирус кәдімгі маусымдық ауруға айналатынын да айтты. Яғни бұған дейін болған құс, доңыз тұмауы секілді әдеттегі вирустың бірі болмақ. Сондықтан бізге оған көнуге және санитарлық талаптарды сақтап жүруге тура келеді дейді. Айта кетейік, қазір ел бойынша 32 мыңнан астам адам үй карантинінде.