Коронавирус: Қарағанды облысында 4-қарашадан бастап үш санитарлық бекет жұмыс істейді

01.11.2020 22:20

Осы бекеттер арқылы жүріп-тұруға рұқсат беру үшін propusk.kz порталын іске қосу жоспарланып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қарашада сағат 00-де сыртқы шекараларға кіруді, шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет жұмысын бастайды. Сондай-ақ, осы бекеттер арқылы жүріп-тұруға рұқсат беру үшін propusk.kz порталын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Елде аурудың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде келесі бағыттар бойынша санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды: 

1. Қызылорда - Павлодар а/ж (Молодежный к. маңында). 

2. Павлодар - Баянауыл - Бұқар жырау-Қарағанды а/ж (Үміткер кенті маңында); 

3. Қарағанды - Аягөз - Бұғаз автожолының 271-ші шақырымы, Семей қаласы бағытында (Кентөбе кенті маңында). 

Осы санитарлық бекеттер арқылы өтуді қарастыратын сапарларды жоспарлағандар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі керек. 

Аталмыш бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына, медицина қызметкерлері мен арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне, жүк көліктеріне, транзиттік көліктерге, Қарағанды облысына жергілікті тіркеумен келетін адамдарға, емделуге келетін адамдарға рұқсатнамасыз жүріп-тұруға рұқсат етіледі. Вахталық жұмыскерлер мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтына жіберуі қажет. 

Естеріңізге сала кетейік, санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Олар жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау барысында термометрия мен сауалнама жүргізіледі. 

Азаматтардан қажет болмаған жағдайда көрші облыстарға сапар шекпеуді, бетперде киюді және эпидемияға қарсы барлық шараларды сақтауды сұраймыз.