Өлім тіркелмеген: Вьетнамның вирусқа қарсы нәтижелі күресінің сыры неде

13.04.2020 22:39

Вьетнамдағы ДДСҰ өкілі Кидун Парктің пікірінше, елдің дағдарысқа қарсы ерте әрекет етуі жетістіктің маңызды факторына айналды

eaglenews.ph

Вьетнам батыл оқшаулау шаралары мен әлеуметтік ауызбіршіліктің арқасында коронавирус пандемиясының қайғылы салдарын бастан кешіп жатқан жоқ деп хабарлайды Kaz.nur.kz Lenta.ru-ға сілтеме жасап.

Linh Pham South China Morning Post басылымының ақпарынша, Вьетнамның дағдарысқа қарсы әрекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан мақтауға ие болды. Қытаймен шекараласып жатқанына қарамастан, елде инфекция жұқтырғандар саны Оңтүстік Корея, Сингапур мен Тайваннан қарағанда едәуір төмен. Вьетнамның пандемияға қарсы нәтижелі шаралары әлемдік БАҚ өкілдерінің де назарынан тыс қалған жоқ.

Айта кетерлігі, бұл елде жаңа вирустан бірде-бір адам қайтыс болмаған. Вьетнамдағы ДДСҰ өкілі Кидун Парктің пікірінше, елдің дағдарысқа қарсы ерте әрекет етуі жетістіктің маңызды факторына айналды.

"Вьетнам аурудың өршуіне ерте әрі белсенді әрекет ете бастады. Олардың тәуекелдерді бағалау бойынша бірінші зерттеулері қаңтар айында басталып кетті", – деді ол. Елде вице-премьердің басшылығымен COVID-19-ды бақылау және ескерту бойынша ұлттық комитет құрылды. Олар бірден ауруға қарсы әрекет ету бойынша ұлттық жоспарды ұсынды. Жергілікті мектептер қаңтар айында жабылды. 16 наурызда жаппай карантин енгізіліп, 25 наурыздан бастап халықаралық әуе рейстері тоқтатылды. Ішкі әуе, теміржол және автобус рейстерінің басым бөлігі тоқтады.

Ал маска киюден бас тартып, басқа адамға инфекция жұқтырған үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Айта кетейік, 13 сәуірдегі жағдайға сәйкес, Вьетнамда коронавирусқа шалдығудың 262 оқиғасы тіркелген. Бірде-бір науқас аурудан көз жұмған жоқ.