Алматының Әуезов аудандық мониторинг топтары жыл басынан бері 5 мыңға жуық мекемеде тексеріс жүргізген

407 заңды тұлғаға хаттама толтырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Әуезов аудандық мониторинг топтары жыл басынан бері 5 мыңға жуық мекемеде тексеріс жүргізіп, 407 заңды тұлғаға хаттама толтырған. Алайда кейбір кәсіпкерлік нысандар індеттің өршуіне қарамастан карантиндік тәртіпті өрескел бұзып, санитарлық талаптарды әлі сақтамай отыр. Соған байланысты тексеруші мамандар компьютерлік клубтар мен мейрамханаларда рейд жүргізіп, ережелерді елемеген мекемелердің жұмысын әшкереледі. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Әуезов ауданының мониторингтік тобы әдеттегідей тексеріске шығып, түн ортасына дейін ашық тұрған компьютерлік клубтың үстінен түсті. Ойын орталығы сағат тілі кешкі 8-ден асқанына қарамастан жұмыс істеуін тоқтатпаған. Кейін, мамандар анықталған фактілер бойынша мекеме әкімшісіне хаттама толтырып, тиісті органға жолдады.  

«Әуезов ауданында 6 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Үшеуі күндіз шықса, қалған үшеуі түнде шығады. Барлық мекеме біздің бақылауымызда. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлерден өтінерім – карантиндік ережелерді бұзбай, бас санитардың қаулысына құлақ асыңыздар», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айдын Айбынов.

Көп ұзамай мамандар Қабдолов және Жұбанов көшелерінің бойында орналасқан мейрамхана мен жазғы алаңның жұмысын әшкереледі. Бірінде мерекелелік кеш өтіп, қор-қор шегілсе, екіншісі шектеулі уақытқа қарамастан келушілерді қабылдаған. Кейін тексерушілер барлық адамды үйлеріне тарқатып, мекеме әкімшілеріне әдеттегідей хаттама толтырды.

«Қала тұрғындарына айтарым, қазір індет жұқтырғандандар көбейіп келе жатыр. Шама келсе кешке қарай үйлеріңізден шықпай-ақ қойыңыздар. Туысқандарыңыз бар, ата-аналарыңыз бар, соларды ойлаңыздар. Негізі келетін адамдар жастар», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Қонысбек.

Айта кетейік, қалада індеттің өршуіне байланысты рейд жұмыстары күшейтіліп жатыр. Статистикаға сүйенсек, Әуезов ауданының мониторингілеу топтары соңғы аптада 40-тан астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 11 кәсіпкерге айыппұл салған.

Мерей Қанапиянов


Новости партнеров