Алматыда 1 қарашадан бастап шектеу шаралары жеңілдейді

01.11.2021 23:10

Мамандар карантин жеңілдегенімен, тұрғындардың әлі де белсенді екпе алуы қажет екенін айтты

Фото: vlast.kz

Алматы қаласының «сары аймаққа» енгеніне 1 апта өтті. Бүгіннен бастап шектеу шаралары жеңілдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.               

Алматының 4 айдан кейін «сары аймаққа» өткені көпшілікті қуантты. Бірақ қаланың бас санитар дәрігері карантин шараларының бірден жеңілдеуі қауіпті екенін айтқан еді. Сондықтан 7 тәулік бойы қаладағы эпидахуал қатаң бақылауда болды. Бірақ бұл уақытта вирустың өршуі байқалмады. Мәселен, 28 қазанда 226 науқас тіркелсе, 29 қазан күні 222 адам анықталды. Ал соңғы тәулікте 206 алматылық вирусқа шалдыққан. Осылайша, жұғу дерегінің төмендеуіне байланысты бүгін мегаполисте «сары аймақтың» нормалары күшіне еніп, «қызыл аймақтың» шектеулері алынып тасталды. Бұл туралы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Енді Алматыда қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер, сауда орталықтары мен базарлар, сондай-ақ, білім мекемелері ешқандай шектеусіз жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, мейрамхана, компьютер клубтары мен конференцияларға қатысушылар қатарын да көбейтуге рұқсат етілді. Карантин шараларының жеңілдеуі туралы 1 қараша күні сағат 20:00-де арнамызда өтетін «Басты назарда» бағдарламасында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин толығырақ айтатын болады. Дегенмен, эпидемиологтар әлі де арқаны кеңге салатын уақыт жетпегенін алға тартуда.

1 қарашадан бастап шектеусіз жұмыс істейтін нысандар:

- Қоғамдық тамақтану орындары;

- Сауна, монша, СПА-орталықтары;

- Қауыздар, спорттық нысандар, фитнес орталықтары;

- Қонақүйлер;

- Әуежай, теміржол, автобекет;

- ХҚКО;

- Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері;

- Жабық базарлар;

- Сұлулық салондары;

- ЖОО, колледждер, білім беру орталықтары.

«Карантин жеңілдегенімен, тұрғындар әлі де белсенді екпе алуы қажет. «Ashyq» жүйесінің ережесі сақталуы керек. Яғни, демалыс күндері болсын, жұмыс күндері болсын, барлық келушілер « Ashyq» қосымшасындағы мәртебен өтуі қажет. Сондай-ақ мониторингтік топтардың да жұмысы жалғасады. Сонда ғана алдағы уақытта «жасыл» аймаққа өтеміз деген үміт бар», – деді Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Осылай, елде әзірге эпидахуал жақсарып келеді. Осыдан 3 күн бұрын вирусқа шалдыққандар саны 1700-ге жетсе, соңғы тәулікте 1395 жағдай анықталып отыр. Бірақ ел бойынша тағы 19 отандасымыз індеттен айыға алмай, көз жұмды. Қазір «қызыл» аймақта 4 өңір тұр. Қостанай, Павлодар, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай әлі де тұрақталар емес. Бірақ Алматы облысы бүгін «жасыл» аймаққа өтті. Вакцина алуға ниет білдірген алматылықтардың кез келген уақытта 137 егу пунктінде тегін вакцина салғызуына болады.

Ал әлем елдерінде вакцина алу науқаны жалғасуда. Біздің елге Pfizer екпесі жеткізілген соң оқушыларды егуді енді бастаймыз деп жүргенде, Чилиде бұл науқан қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, бүгіннен бастап 12 жастан асқан жасөспірімдерден вакцина құжаты талап етіледі.

Сондай-ақ аустралиялық ғалымдар ерекше жаңалығымен қуантуда. Квинсленд университетінің мамандары коронавирусқа қарсы жапсырма екпе ойлап тапты. 3Д секілді жасалған вакцинаның ерекшелігі – ағзаға инемен енгізілмейді, терінің үстіне жабыстырып қою қажет. Ол 1 ай көлемінде инъекциялық вакцинадан гөрі көбірек қорғаныс береді дейді ғалымдар. Тек қаржылай қолдау болса болғаны.  

«Жоғары тығыздықтағы микрочип пластырьды теріге қолданғанда, мыңдаған микроскопиялық реакциялар туындайды. Тышқандарға бұл екпені сынау кезінде иммундық реакцияның жылдамырақ жүргені байқалды. Яғни, жабыстырма екпе вирустың көптеген мутацияларына, соның ішінде «альфа», «бета» штамдарын бейтараптандыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, оны сақтау оңай және басқа дәрілер сияқты суық тізбекті қажет етпейді», – деді Квинсленд университетінің Химия және молекулалық биология ғылымдары мектебінің докторы Дэвид Мюллер.

Иә, пандемия басталғалы әлем елдері вируспен барынша күресіп, түрлі тәжірибе жинақтауда. Бірақ бәрінің негізгі мақсаты – індетті жеңу.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы