Алматыда 36 265 ақпараттық тақтайшалар ілінген
«Бетпердені ұмытпа, өміріңді сақтап қал» Алматыда дәл осындай ұранмен бетперде тағу маңыздылығын насихаттайтау акциясы жалғасуда деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінге дейін халық көп жиналатын орындарда және көше бойында осындай 36 265 ақпараттық тақтайшалар ілінген. Оның ішінде 1180 жарнамалық билборд, 50 медиаборд бар. Бұдан бөлек, осындай 50 ақпараттандыру плакаттары жаяу жүргіншілер жүретін жер асты және жер үсті өткелдеріне де қойылған. Көше бойындағы лед-экрандарда да ковид-19-дан сақтану шаралары туралы бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Игі шараның басты мақсаты - қаладағы эпид-ахуалды тұрақтандыру.
Блиц:
– Масканы тағу, күн сайын тамақ ішер алдында қолды жуған сияқты ғой. Сондай бір маңызы бар да. Қолыңды таза ұстап, таза отырсаң, ешқандай ауру жоламайды деп сенемін.
– Сақтаймыз біз, карантин басталғалы сақтаймыз. Балдарды маскасыз жібермейміз. Әр адамның денсаулығы үшін маска маңызды.
Мамандар карантин талаптарын сақтамағандарға енді кешірім жоқ екенін айтады. Бұдан былай көшеде немесе қоғамдық көлікте маска тақпай жүрсеңіз, айыппұл арқалайсыз. Карантин талаптарын сақтау ережелері аялдамаларда да көрсетілген. Осы сынды плакаттарды қаланың барлық бөлігінен байқауға болады. Мұндай игі шараны қоғам зиялылары да қолдап отыр. Олар көпшілікті тәртіпке бағынуға шақырады.
«Бүгінгідей қиын-қыстау кезде бұрын-соңды болмаған осындай нәубат кезде бірігейік. Бірлесіп жұмыс істейік. Бір-бірімізді тыңдайық, жоғарыдан беріліп жатқан мәліметтерді орындайық. Мен қарт буынның тәртібіне сенемін. Мен жастарға көбіне көңіл аударып отырмын. Маскасыз жүріп, тойлар жасап, жиындар жасауды доғару керек, уақытша. Тойлайтын уақыт алда. Нәубаттан аман шыққанан кейін той да болады, қуаныш та болады», – дейді ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Ақын Нұрлан Оразалин аурулардың санының артуына, өлім-жітімінің кең етек алуына тәртіпке бағына қоймаған кең ықылас, пейіліміздің молдығы себеп болып отыр дейді.
«Осы күндерде маска тағып, ара-қашықтық сақтап жүруге шақырамын. Біз солай істеу арқылы өзіміздің ұлтымызды, халқымызды, еліміздің бүтіндігін сақтап қала аламыз», – дейді ақын.
Қаладағы саябақтар ішіндегі көгалдарда осындай арақашықтық шеңберлері сызылған. Ұйымдастырушылардың мұндай тапқырлығын тұрғындар да қолдап отыр. Бүгінгі күні көпшілік маска тағудың маңыздылығын түсінген сыңайлы.
Блиц:
– Карантинге байланысты ережелерді ұстанған дұрыс. Вирус ол бар жоқ деп айтпаңыздар. Санитарлық ережеге сәйкес, қолдарыңызды антисептикпен жуып, маска тағуларыңызды сұранамыз.
– Былай адам аз жерде түсіріп қоямыз осылай, ауа жұтуға. Негізі 2-3 адам жиналғанда үнемі тағып аламыз.
Шараны әкімдік өкілдері мен еріктілер бірлесе ұйымдастырып жатыр. Олар бүгінге дейін мегаполис тұрғындарына карантин талаптарын сақтауға бағытталған 23 155 ақпараттық жаднамалар таратты.