Қаулыға сәйкес енді ауыл тұрғындары туған-туыстарына, көршілеріне, таныстарына қонаққа бара алмайды
Коронавирустың таралуына байланысты Солтүстік Қазақстан облысындағы бір елдімекенде карантиндік шектеулер күшейтілді. Қызылжар ауданының бас санитар дәрігері Соколовка елдімекенінде карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы жаңа қаулыға қол қойған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаулыға сәйкес енді ауыл тұрғындары туған-туыстарына, көршілеріне, таныстарына қонаққа бара алмайды. Сондай-ақ, түрлі мерекелік, отбасылық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынған. Жерлеу шарасына 30 адамнан артық жиналуға болмайды, 2 метр арақашықтық сақталуы міндетті. Сондай-ақ барлық тұрғындарға, соның ішінде жасы 65-тен асқандарға сағат 22.00 мен 06.00 аралығында үйден шықпауға кеңес берілді. Бұдан басқа Соколовкада мешіт пен шіркеудің, мәдениет нысандарының жұмысына да шектеу қойылды. Мектептер де жұмысын тоқтатып, сабақтар онлайн режимде өтетін болады.
«15 ақпаннан бастап 2 апталық карантин енгізілді. Себебі, жұма, 13-і күні Соколовка ауылдық округінде коронавирус жұқтырудың 66 фактісі тіркелген. Осыған байланысты коронавирус жөніндегі аудандық штаб шектеулер енгізді. Бүгіннен бастап дүкендердің жұмыс уақыты қысқарады. Қазіргі уақытта ауданда 22 дүкен бар. Егер бұрын олар сағат 20.00-ге дейін істесе, енді сағат 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Құрылыс материалдар дүкендері демалыс күндері жұмыс істемейді. Шаштараздар тек алдын ала жазылу бойынша клиенттерді қабылдайды. Ауданда санитарлық нормалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын білу үшін 5 бақылау тобы құрылған», – деді Соколовка ауылдық округінің әкімі Әскер Сейітов.