Коронавирус ошағы саналған Уханьда науқас қалмады

26.04.2020 в 23:18

Бүгінде Қытайдың бұл қаласында науқастардың барлығы жазылып шыққан

Ухань қаласының Хубэй провинциясының ауруханаларында коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан науқастардың барлығы жазылып шықты. Бұл туралы елдегі Денсаулық сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік комитеттің ресми өкілі Ми Фэн мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv Baq.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

«Ухань дәрігерлерінің жалпы күш-жігерінің арқасында және оларға бүкіл елдің медициналық қызметкерлерінің көрсетіп жатқан көмегінің арқасында 26 сәуірдегі жағдай бойынша Ухань ауруханаларында коронавирустық инфекция жұқтырған бірде-бір науқас қалмады», - деді ол. 

Бір күн бұрын Ухань ауруханасында індеттен жазылмаған 12 науқас бар еді. Бүгінгі күні барлығы дерлік жазылып шыққан.

2019 жылы желтоқсан айының соңында Қытай билігі Ухань қаласында пневмонияның жаңа түрінің өршуі туралы мәлімдеді. Кейіннен жұқпалы індетке СОVID-19 ресми атауы берілді. Бұл коронавирустың жаңа түрі еді. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус пандемиясы тарап кеткендігін жариялады.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда 2693 науқас тіркелді. Оның 677-сі жазылып шықты. 29 науқас жұқпалы індеттен қайтыс болды.