Бүгін мамандар Алмалы ауданына қарасты 30-ға жуық кіреберісті тазалап шықты
Алматыда дезинфекция жұмыстарының 14-кезеңі аяқталды. Бүгін мамандар белгіленген кесте бойынша қаланың 8 ауданындағы тұрғын үй кешендері, ойын алаңдарын залалсыздандырып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауа-райының қолайсыздығы мен мереке күндеріне де қарамай жұмыс істейтін дезинфекторлар үшін 18 қабатты тұрғын үй кешенін залалсыздандыру ешқандай қиындық туғызбайды. Әр подьезге 2 адамнан кірген кезде, 35 литр сұйықтық пен 20 минут уақыт қажет.
Жаңа жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын студент Асхат Тілеубердиев небәрі 19 жаста. Бос кезінде даяшы болып нәпақа тауып жүрген жігіт елдегі төтенше жағдай кезінде ойламаған жерден дезинфектор атанды. Денсаулыққа қауіпті болса да осы жұмысқа өз еркімен кірісті. Оның сөзінше, бар мақсаты – халыққа пайдасын тигізу.
«Бұл жұмыс оңай емес, шынымды айтсам. Мысалы, мына үстімдегі плащь температура өткізбейді. Әрдайым терлдеп жүресің. Арқамда тағы 20 кг жүгім бар. Ол біздің жұмысымызға қажетті сұйықтық. Резиналы қолғаппен киіп, әрдайым тік тұрып жұмыс істейміз. Бүгін мәселен, 18 қабатты тұрғын үй кешенін берсе, ертең 20 қабатты үйді залалсыздандырамыз», - дейді дезинфектор Асхат ТІЛЕУБЕРДИЕВ.
Бүгін Асхаттың әріптестері Алмалы ауданына қарасты 30-ға жуық кіреберісті тазалап шықты. Жалпы, 1300-ден астам тұрғын үйді дезинфекциялайды. Бұл жұмысқа 60 арнайы костюм киген мамандар жұмылдырылған. Мердігер мекеме берілген кестеден кешікпегендерін айтады.
«Азаматтардың 90%-ы жұмысымызға түсіністікпен қарайды. Препараттың иісі болатындықтан, 3 сағат бойы далаға шықпау керек, соны жақтырмайтындар болады. Бірақ біз оларға жалпы қауіпсіздік талаптарын түсіндіреміз, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», - деді мердігер мекеменің коммерциялық директоры Виталий ТАРНАЙКИН.
Айта кетейік, дезинфекция жасаудың 14-кезеңінің үшінші күнінде 7268 подьезд, 1345 аула залалсыздандырылды. Ауқымды жұмысқа 65 бригада, яғни 465 маман тартылды. Жалпы, мамандар қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерге дәрілік препарат шашудың барлығы 16 кезеңін өткізуді жоспарлаған. Қазір оны ұзарту мәселесі қарастылып жатыр.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы