Наурыз мерекесінен кейін індет жұқтырғандар күрт көбейген: Алматыдағы инфекциялық ауруханадан арнайы түсірілім

03.04.2021 01:03

Мұнда орта есеппен бір күнде індет жұқтырған 50-ге жуық адам түседі екен

Алматыдағы инфекциялық ауруханаға тәулік бойы түсетін науқастардың саны көбеймесе азаймай тұр. Изатима Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері осылай дейді. Мұнда орта есеппен бір күнде індет жұқтырған 50-ге жуық адам түседі екен. Әсіресе, наурыз мерекесінен кейін науқастар көбейген. Аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.

Коронавирус жұқтырғандарды емдеу жағынан алдыңғы шепте тұрған стационарлардың бірі – Изатима Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының РВ-90 филиалы. Мұнда қазір тәулік бойы тыным жоқ. Себебі бұл жерде тек 1-эшелондағы ковидтің аса ауыр жағдаймен науқастанғандар ғана емделеді. Ауруханада 500 провизорлық төсек-орын бар. Оның 45-і жансақтау бөлмесінде орналасқан. Ғимарат қазір 80 пайызға толық.  

«Қазір көктем мегзілі. Адам ағзасы әлсізденіп, қандай да бір аурудың күш алатын кезеңі. Осыдан болар, коронавирус жұқтырғандар наурыз айының басында күрт өсті. Біз бұған алдын-ала дайындық жүргіздік», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утағанова.

Эпидахуал қаншалықты күрделенсе де, қаланың денсаулық саласы оған толығымен дайын. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін онлайн брифингте осылай деп мәлімдеді. ИВЛ-аппараттары, қажетті дәрі-дәрмек пен ақ халаттыларға керекті қорғаныс костюмдерінен қазір қала таршылық көріп отырған жоқ.    

«Ауыр жағдайда науқастар келіп түседі. Яғни, олардың өздерінің қосымша осыған дейін аурулары бар. Оған коронавирус инфекциясы қосылғаннан кейін бұл аурудың ағымы ауыр өтеді. Осыған байланысты ауыр жағдай түседі де, ранимацияға жатқызылады», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Нұрсұлтан Намазбаев.

Қала әкімінің айтуынша, ковидтің жаңа штамдарын анықтау үшін 40 адамнан тест алынып, сараптама жасалған. Нәтижесінде 32 адамда британдық мутацияның бар екені белгілі болды. Дәрігерлер жаңадан анықталып жатқан штамдардың Covid-19-дан нендей ерекшеліктері болатынын атап көрсетті.  

«Баршамыз соңғы кезде британдық және оңтүстік африкалық штамдар туралы естіп жүрміз. Оның коронавирустан айырмашылығы науқаста ұзақ уақыт температура болады. Дене қызуын түсіретін дәрілерді берсек те, ағза оған төтеп бере алмай жатады. Қандағы сотурация мөлшері төмендеп кетеді. Қалыпты жағдайда 95-тен жоғары болу керек болса, ол 90-92 болып тұрады», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы инфекция бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов.

Бүгінде қала бойынша 28 аурухана коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылған. Онда барлығы 7011 төсек орын бар. Оған қоса 450 төсек жансақтау бөлмесі ретінде қарастырылған. Еске салайық, қазір жұқпалы дертпен екі мыңға жуық медицина қызметкері күресуде. Одан бөлек, 2758 дәрігер қосымша резевтік құрамда дайын тұр.  

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» арнасы