Пандемия басталғалы мониторингтік топтар 7000-ға жуық бизнес нысанын тексеріпті
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері 1000-нан астам рейд жасалып карантин талаптарын бұзған 365 факті тіркелген. Ал, пандемия басталғалы мониторингтік топтар 7000-ға жуық бизнес нысанын тексеріпті. Оның ішінде көбінесе тойханалар мен қоғамдық тамақтану орындары тиісті заң талаптарын сақтамайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде өңірдің жасыл аймаққа өтуімен, кейбір нысандардың жұмысына рұқсат берілген еді. Алайда, бірқатар мекемелер қаулыдағы қағидаға мән бермейді.
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жерлеу іс-шараларын, адам санын 50-ден асырмай өткізуге рұқсат берілген. Себебі біз жасыл аймақтамыз. Бірақ үйлену тойларын, мерейтойларды, туған күндерді өткізуге әлі күнге дейін тыйым салынған», – деді Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.