Алматыда соңғы аптада 936 адам коронавирусқа шалдықты. Олардың 82 пайызы екпе алмағандар екен. Бұл туралы мәлімдеген қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин биыл мегаполисте коронавирус жұқтырған балалар саны да көбейгенін айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр індеттің ілмегіне 281 оқушы іліксе, биыл бұл көрсеткіш 15 мыңнан асып кеткен. Осы ретте дәрігерлер жеткіншектерді вакциналау арқылы вирустың таралуын төмендетуге болады дейді. Бірақ егу кезінде де бірқатар жағдайды ескеру қажет.
Ең алдымен, вакцина алған оқушы екпе салған жеріне су тигізбеуі қажет. Бұдан бөлек, тағы бірнеше ережені сақтауы керек екен.
Дәрігерлер балаларды егуге рұқсат етудің алдында денсаулығын тексеріп, дұрыс баға беруі қажет. Яғни баланың сау болғаны дұрыс. Егер жеткіншек жақын арада жұқпалы респираторлы вируспен ауырып жазылған болса, онда толық айығуы үшін бірнеше күн қажет. Сондай-ақ екпе алар алдында 3 күн ішінде аллергия шақыратын цитрусты жемістер мен тәтті тағамдарды, фастфуд жеуге кеңес берілмейді. Бұл балалар үшін біраз қиынға соғатыны белгілі. Дегенмен бұл ережені есте ұстанған жөн. Мамандар бұл тәртіпті екпе алғаннан кейінгі тәуліктерде де ұмытпай, спортпен шұғылдануды кейінге шегерген абзал дейді. Алайда ине салған жердің аздап ісініп, ауруы пайда болса алаңдамай, дәрігер нұсқауына жүгіну қажет. Әзірге алматылық оқушыларда мұндай жағдай тіркелмеген.
«Бүгінде Наурызбай ауданы бойынша 285 оқушы, бала емізетін 100 әйел мен аяғы ауыр 47 келіншек Pfizer екпесін алды. Барлығы түсіндіру жұмысының қарқынды жүруі нәтижесінде іске асуда. Вакциналау кезінде ешкімде аллергия анықталған жоқ. Ал балалар екпені жақсы көтеріп жатыр», – деді қалалық №36 емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген.
Расымен де, дәрігерлер екпе инфекциялық аурудың асқынып кетуінің алдын алады, жақындарымызды вирустан қорғайды дейді. Одан бөлек, ұжымдық иммунитетті арттырып, шет мемлекеттерге ешқандай кедергісіз шығуға мүмкіндік береді. Ал Pfizer екпесін салдырған балалар кейін вакциналау паспортын ала алады.
Бұл туралы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жастар саясаты басқармасының басшысы мәлімдеді. Енді олар иммундалғанын растайтын электронды құжатты ересектер секілді «eGov-mobile» мобильді қосымшасынан жүктей алады. Бүгінде мегаполис бойынша 12-ден 17 жасқа дейінгі 2295 оқушы вакцина алып үлгеріпті.
Ал Алматының бас санитар дәрігерінің мәлімдеуінше, мегаполисте эпидахуал жақсарып келеді. Себебі бір апта ішінде вирусқа шалдыққандар саны 129 адамға төмендеген. Бірақ қалада жұқпалы респираторлы вирустың өршуіне байланысты коронавирус дендеп кетуі әбден мүмкін екен. Сондықтан Жандарбек Бекшин ешқандай мерекелік шараларды жоспарламай қоя тұруға кеңес берді.
«Еуропа мен Ресейде вирус өршіп тұр. Әсіресе коронавирустың «дельта» штамы қаншама адамның өмірін жалмады. Көрші елдерде осындай жағдай болып жатқанда, қалада әзірге көпшіліктің қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізуге болмайды. Қазірдің өзінде індетті жұқтырып жатқандар аз емес. Желтоқсанда тіпті көбейіп кетуі мүмкін деп болжап отырмыз. Сондықтан жаңажылдық кештерді өткізуге тапсырыс беруге асықпаңыздар!», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ қалада коронавирус өршіп кетпесе, 24 қараша күні «жасыл» аймақтың карантин шаралары енгізіледі. Және сол күні дәрігерлер мен полицей, мұғалімдерді ревакциналау басталады. Қазір мегаполисте оған дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен карантин ережелерін сақтамайтын адамдар қатары азаяр емес. Бүгінде оқшаулау режимін сақтамаған 70 алматылыққа 87 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы