Алматыда мұғалімдер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін вакцинациялау басталды

10.03.2021 в 23:37

Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді

Алматыда мұғалімдер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін вакцинациялау басталды. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді. Ал, кезек басқа сала мамандарына қашан жетеді? Вакцина алғандардың жағдайы қалай? Almaty.tv тілшісінің материалда.

Қазір қалада вакцинациялау науқанының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бүгінде жалпы шаһар бойынша 20 мұғалім мен 50 шақты полиция қызметкері екпе алды. Осы орайда қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті вакцинаның маңызын насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

«Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мұғалімдерді вакцинациялау басталды. Мұғалімдер арасында 20-ға жуық адам екпе салдырды. Ал, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында 50-ге жуық адам бар. Айта кету керек, жұмыс кеше ғана басталды», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Одан өзге, қалада медицина қызметкерлерін вакцинациялау жалғасуда. Соңғы екі айдың ішінде екі мыңнан астам дәрігер ресейлік Спутник V екпесін салдырған. Баянсұлу Табинова – алғашқы болып коронавирусқа қарсы екпе алған дәрігерлердің бірі. Эпидемиолог 10 жылдан бері жұқпалы ауруы бар бүлдіршіндердің өміріне араша болып келеді. Тез жайылатын індеттің жайынан хабардар ол өз еркімен вакцина салдырған.

«Алғашында басымның ауырғанын сезіндім. Алайда келесі күні ауырсыну дәрі-дәрмектің көмегінсіз-ақ өтіп кетті. Кейбір қызметкерлердің дене қызуы көтерілді. Бұл дененің реакциясы. Мен вакцинаның екі компонентін де салдырдым. Өзімді жақсы сезінемін», – деді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Баянсұлу Табинова.

Дәрігерлер вакцина салдырғаннан кейінгі бас ауруы мен дене қызуының көтерілуі қалыпты жағдай дейді. Себебі кез келген екпе алған соң адам ағзасы иммунитет қалыптастырады. Нәтижесінде аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, ине еккен орын қызарып, ісінуі мүмкін.

«Қан қысымын өлшейміз, жүрегін тыңдаймыз, пульсін өлшейміз, дене қызуын өлшейміз. Нендей өзгеріс болуы мүмкін екенін айтамыз. Яғни, сол 3 күннің ішінде жеңіл тұмау белгілері болады. Буын ауруы, бұлшық ет ауруы болуы мүмкін. Дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бас ауруы мүмкін. Оған біз рекомендация беріп жібереміз», – деді қалалық студенттер емханасының дәрігері Айнұр Ешматова.

Айта кетейік, елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны 1 ақпанда басталды. Сәуір айына дейін вакцинаны жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындарының педагогтары мен медицина қызметкерлері салдырады. Жалпы қала халқын вакцинациялау сәуір-мамыр айларында басталмақ.  

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы