Алматыда аурудың алдын алу үшін қалада тексеру шаралары жалғасып жатыр. Жетісу ауданының мониторингтік тобы базарлардың қаншалықты санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқанын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ялянь, Юпитер, Алатау базарлары тексерістен сүрінбей өтті. Бұл сауда нүктелерінің кіреберісінде дене қызуыңызды өлшеп, арнайы дезинфекция туннелінен өткізеді. Мониторингтік топ өкілдері саудагерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, саниталық талаптар жазылған парақтар таратты. Айта кету керек, Жетісу ауданында тұрақты түрде екі мониторингтік топ жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 300 нысан тексеріліп, тәртіп бұзған 10 мекеме анықталған.
«Мониторингтік топтар күндіз-түні санитарлық талаптардың сақталуын бақылайды. Алдымен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық қайталанса, тиісті шаралар қабылдаймыз. Мұндай жұмыстарды атқарудағы басты мақсат – коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу», – деді Жетісу ауданы мемлекеттік-құқық бөлімінің бас маманы Мұрат Тұрғынов.