Қала бойынша дезинфекция жұмысына жұмылдырылған 60 бригада таңнан бері тынбай еңбек етуде
Алматыда тұрғын үйлер мен аулаларды тазартудың 21-кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала бойынша дезинфекция жұмысына жұмылдырылған 60 бригада таңнан бері тынбай еңбек етуде.
Дәстүрлі хабарламадан кейін жұмыс қыза түсті. Қорғаныс костюмін жамылған мамандар тұрғын үйдің әр бұрышын мұқият тазалап жүр. Жиі өтетін дезинфекцияға еті әбден үйреген тұрғындар, 3-4 сағат үйден шықпау қағидасын ұстануға тырысады.
Алмалы ауданында жұмыс істейтін 6-бригада осылайша күніне 300-ге жуық подъезді залалсыздандырады. Таңғы 07.00-де басталатын жұмысқа 1500 литр химиялық қоспа жұмсалады. Одан бөлек, балалардың қауіпсіздігі үшін күнделікті 35 ойын алаңы тазартылады.
Жұмыс қанша ауыр болғанымен, халықтың алғысы кәдімгідей қолдау. Тұрғындардың ықыласы мықты серпін береді, дейді мамандар.
«Көп тұрғындар рахметін айтып жатады, қолдауын көрсетеді. Біз де өз жұмысымызды тиянақты, шынайы атқарып жатырмыз. Кіреберістер тазартылады, пошта жәшіктері, лифт, қолмен көп ұстайтын жерлерге дезинфекция жүргізіледі», –деді бригадир Мәди РАЖАН.
Көп қабатты тұрғын үйді тазалап шығу оңай емес. Ауа жібермейтін киіммен ең жоғарғы қабаттарға көтерілген кезде, біраз тер төгуге тура келеді. Бірақ жұмыс ауыр деп, шағым айтып жатқан пенде жоқ.
«8 этаждық, 9 этаждық, 12 этаждық үйлер бар. Кейде лифт істемесе де, баспалдақпен жаяу көтерілеміз. Қазақстан азаматы болғаннан кейін, балаларымыз, аналарымыз үшін халықтың қауіпсіздігін сақтауға тырысамыз», –деді дезинфектор Руслан СӘРСЕНБИНОВ.
Дезинфекция жасауға жалпы қала бойынша 429 адам тартылған. Бүгіннің өзінде 7 мыңнан астам кіре беріс бен 1000-ға жете аула аймағы тазартылды. Бұл жұмыстар карантин аяқталғанға шейін жалғаса бермек.
Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы