Қызметтік тексеріс жүріп жатыр: Ақшаға «вакцинациядан өтті» деген құжат жасатып беру дерегі расталмады

29.04.2021 04:23

Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы ресми мәлімдеді

gp11.kz

Алматыда ақшаға «вакцинациядан өтті» деген құжат жасатып беру дерегі расталған жоқ. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы ресми мәлімдеді. Нақты ақпаратқа көз жеткізу үшін қазір барлық медициналық деректер базасы тексеріліп жатыр. Жалпы соңғы кезде коронавирус екпесіне қатысты жалған деректер көбейген. Олар қаншалықты шындыққа жанасады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Коронавирус екпесі егілгенін растайтын электронды құжат сататын делдалдардың пайда болғаны туралы ақпарат бүгін желіде желдей есті. Онда анықтаманы 5 мыңнан 25 мың теңгеге дейінгі бағада жасауға болатыны айтылады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, олай деп айтуға негіз жоқ деп мәлімдеді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы. Қазір барлық медициналық базалар тексеріліп, мұндай деректі таратқан ақпарат құралымен бірге тиісті жұмыс жүріп жатыр екен.

«Қандай фактор әсер еткенін кім біледі. Қазір қызметтік тексерістен кейін, әрине, мұның барлығы сіздерге айтылады. Бірақ біз тіркей жасайтын қызметкерлердің әрбіреуінің өзінде парольдары болады. Олар өздерінің жауапкершілігі туралы қолхат берген. Сондықтан мұның барлығы енді біз жақтан әзірге қадағаланып отыр», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Лаура Мырзағали.

Лаура Мырзағали бақылауды бір аптада бітіруге тырысамыз деді. Тексеру жұмыстарын прокуратура, полиция департаменті мен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы жасап жатыр. Егер деректің жалғандығы расталса, кінәлілер қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын ескертті. Жалпы бүгінде вакцинация турасында айтылып, жазылып жүрген фейктер көбейген. Әйтсе де оның ара-жігін ажырататындар көп сияқты.

«Ресми дерек көздеріне сенемін. Мынадай негатив сияқты көп айтылып жатыр ғой. Ондайға сенбеймін. Негізі вакцина алу керек», – деді қала тұрғыны  Серік Асабаев.

«Ондай өлімге әкеледі деген ол өсектер. Оны білмейтін, сауатсыз адамдар таратады. Ол қайта біздің денсаулықты сақтайтын вакциналар мынадай індет кезіндегі», – деді қала тұрғыны Ғабділнұр Әбділманов.

«Нет, это же спам просто. Я вообще не доверяю таким информациям», – деді қала тұрғыны Айбек Мәкішев.

«Я считаю что вы не только себя вы и своих близких спасаете. И вообще чем больше нас будет сделают прививку тем быстрее мы выйдем из этого сумашедшего состояние», – деді қала тұрғыны Галина Воронова.

Мәселен жуырда ғана»Сыртқы істер министрлігінің қызметкері екпе салдырған соң қайтыс болды», немесе «Алматы облысында вакцинациядан кейін дәрігер көз жұмды» деген хабарлар шықты. Бірақ олардың жалған екендігі ресми түрде хабарланды. Ал вакцина әзірлеуші ғалымдар екпенің еш зияны жоқ екенін айтудан жалықпайды.

«Жағымсыз қасиеттеріне, мысалға, иықтағы бұлшық етке салынады. Сол кезде сол салынған жер бірнеше сағат немесе кейбіреулерде бір-екі күн кішкене ауырсынып жүреді. Ал басқа құлап қалған, ауырып қалған, өліп қалған адам ешқандай тіркелген жоқ және де ондай болмайды», – деді ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғзи зертхана меңгерушісі Леспек Күтімбетов.

Екпеден кейін адам денесі бөртеді, генетиканы бұзады, бала көтере алмайды деген сынды түрлі ақпар көп. Оның бәрі көп жағдайда шындыққа жанаса бермейді. Сондықтан мамандар халықты тек анық, ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков,  «Алматы» арнасы