Алматыда антисептикалық заттар мен дезинфекциялық құралдар жеткілікті

17.03.2020 03:05

Сағатына 1500-ға жуық антисептикалық өнім өндіріліп, тұтынушыларға жөнелтіледі

Almaty.tv

Алматыда антисептикалық заттар мен дезинфекциялық құралдар көлемі жеткілікті. Себебі қаладағы өндіріс кешендері тазалыққа арналған өнімдерді шығаруды үш есеге арттырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкімдік тарапынан тауарларды жеткізудің кепілдендірілген көлемі де ұлғайып, шетелден шикізат тасымалдау жұмыстарына қолдау көрсетілген.

Қаладағы дезинфекциялық өнімдерді шығаратын ірі компания бір айдан бері қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Түрлі тазалық шараларына арналған сұйықтық өндіретін кәсіпорын өнімділігін үш жарым есеге арттырған. Мұнда медициналық құрылғыларды, құрал-саймандарды залалсыздандыруға және қолға арналған антисептиктердің алуан түрі өндіріледі. Тіпті сұйықтық құятын құтылар да осында шығады.

Арнайы дайындалған пластмасса ыдыс конвейер арқылы автоматты машинаға қарай жөнелтіледі. Сонда 80-85 градус температурада балқытылады. Дайын болған құтыға арнайы антисептикалық сұйықтық құйылады.

Сағатына 1500-ға жуық антисептикалық өнім өндіріліп,  ары қарай тұтынушыларға жөнелтіледі. Тұтынушы демекші, антисептиктерді сауда нүктелеріне уақытылы жеткізіп отыру үшін әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілуде дейді кәсіпорын басшылары. Бүгінде тауарларды жеткізудің кепілдендірілген көлемі артқан және шетелден келетін шикізатты алуға квота алу шаралары жеңілдетіліпті.  

«Біз шикізаттың сапасына аса мән береміз. Сол себепті арнайы шет елдерден жеткізіміз. Мәселен, қолға арналған антисептиктер үшін біз Швециядан келетін Н-пропильді спиртті қолданамыз. Көбіне Еуропа елдерінен жеткізіледі. Әзірге шикізат қоры жеткілікті», – деді  бас технолог Елена ГОЛОВА.

Кәсіпкерлер коронавирустың өршуі салдарынан жұмыс көбейді дейді. Әсіресе қолға арналған антисептик шығару қарқыны күшейген.

«Соңғы жағдайға сәйкес, біз антисептиктерді бұрын күніне 7 мың данамен шығаратынбыз. Енді көлемі артып, күніне 30 мыңға дейін жетті. Ал дезинфекциялық заттарды өндіруді екі есеге көтердік», – деді өндіріс басшысы Максим ЯСКЕЛЬ.  

Кәсіпорында қазір барлығы 200-дей қызметкер үш ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Қосымша тағы адамдар алу көзделіпті.

«Күні-түні жұмыс жасап жатырмыз, бұрын бес күн істейтін едік, енді аптаның жеті күнінде ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз», – деді оператор Александр БАХШАЛИ-ЗАДЕ.  

Бүгінде өндірістік кешен Алматыдан бөлек еліміздің барлық қалаларын дезинфекциялық құралдармен қамтып отыр. Сондай-ақ, тазалық өнімдері Ресейге де тасымалданады. Айта кетейік, бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты дәрілермен және қажетті медициналық құрылғылармен толық қамту үшін қосымша қаржы бөлінгенін айтқан болатын. Сонымен қатар, санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды күшейту туралы жоспар әзірленгенін мәлімдеген еді.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев

«Алматы» телеарнасы