«Омикрон» штамының симптомы бастапқы кезеңде тұмауға ұқсас болады
«Қазақстанда «омикрон» штамы анықталды». Әлеуметтік желілерде елімізде жаңа вирустың пайда болғаны туралы жалған ақпарат тарады. Бірақ ресми мәлімет бойынша бұл инфекция тіркелген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында Еуропаны дүр сілкіндірген оңтүстікафрикалық вирус Батыс Қазақстан облысында пайда болды деген ақпарат тарады. Дереккөзі – «Уральская неделя» ақпараттық порталы еді. Хабарламада жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ковидке шалдыққан науқастардың сараптама сынамаларынан «омикрон» вирусы анықталғаны туралы айтылған. Бірақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәлімдеменің жалған екенін растап отыр. Дегенмен елімізде басқа вирус анықталғаны рас. Мутацияланған штамм «дельта+» деп аталады және бізге мәлім қауіпті «дельта» вирусынан кем түспейді, симптомдары да ұқсас. Ең сорақысы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекция 2 есе жылдам қарқынмен таралды дейді.
«Желтоқсан айының басында жинақталған сынамаларда «омикрон» штамы анықталған жоқ. Бұл аптада тағы секвенирлеу жұмыстарын жүргіздік. Әзірге нәтижесі шыққан жоқ. Бірақ бүгінгі күні зертханалық сараптамалардың қорытындылары Қазақстанда «омикрон» штамының анықталмағанын көрсетіп отыр», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Осы ретте әлем ғалымдары «омикрон» штамына шалдыққан науқастарда 8 айқын белгі болатынын анықтап отыр. Олар: бастың, тамақтың және бел тұсының ауыруы, шаршау, әлсіздік, сондай-ақ есеңгіреу мен асқа тәбеттің болмауы. Бірақ бастапқы кезеңде симптомы тұмауға ұқсас болады екен. Инфекционист мамандар «омикрон» штамы ағзаға түскен соң, тамақ пен өкпеде өзге мутацияларға қарағанда 70 есе жылдам көбейетінін алға тартуда. Сондықтан ол өте жоғары қарқынмен тарайды. Ал Алматыда дәрігерлер жұқпалы респираторлы инфекциямен күресуде.
«Қазір мегаполисте тұмау мауысым өршіп тұр. Ол өте тез жұғады. Сондықтан отбасылық және жаңа жылдық мерекелерді үйде қарсы алып, денсаулығымызға жауапкершілікпен қараған дұрыс. Сондықтан қала халқын вакциналау және қайта егу науқанына белсенді қатысуға шақырамын», – деді Алматы қалалық №11 емханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Айтбаева.
Ал әлем елдерінде эпидахуал мәз емес. Жаңа штамм дендеген АҚШ-та 200-ден аса әуе рейсі тоқтатылды. Ал Франция мен Ұлыбританияда күніне 10 мыңнан аса адам вирусқа шалдығып, антирекорд орнауда. Қазір ондағы науқастардың 30 пайызында «омикрон» анықталған. Италияда медициналық бетперде кию міндеттелді. Енді онда қоғамдық көлікте, кинотеатр, мұражай, стадиондарда маскасыз жүруге рұқсат етілмейді. Осылай оңтүстікафрикалық вирус жайлаған елдер саны бүгінде 100-ден асып жығылады.
«Коронавирус бойынша жағдай ушыққандықтан, вакциналау арқылы ғана «омикрон» штамын тоқтату мүмкін болмай тұр. Халықты жаппай егу үшін уақыт та аз», – деді Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталықтың директоры Андреа Аммон.
Ал елімізде эпидахуал тұрақты. Дегенмен коронавирусқа шалдығудың тәуліктік көрсеткіші өсіп отыр. Себебі соңғы 3 күнде сырқаттанғандар саны 25 пайызға көбейген. Сондай-ақ қазір Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «сары» аймақта тұр. Қалған өңірлер әзірге «жасыл» аймақта орналасқан.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы