Еуропада коронавирус өршіп барады. Эпидахуал тезірек тұрақталмаса, келер жылы наурыз айында өлім-жітім саны 2 миллионнан асып кетуі мүмкін деген болжам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы жайтқа қатты алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еуропада қазір жағдай мәз емес. Мәселен Германияда тәулігіне 67 мыңға, Чехияда 26 мыңға жуық науқас тіркелуде. Жағдайдың осылай ушығуына 3 түрлі себеп бар дейді ғалымдар.
Еуропада тұмаудан бөлек, ковид жұқтырғандар қатары да күн санап артуда. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эпидемиологиялық ахуалдың күрт ушығуына бірнеше фактор себеп дейді. Біріншіден, мутацияланған «дельта» штамы адамдарға тез жұғып, өмірлеріне қауіп төндіріп жатыр. Екіншіден, бірқатар мемлекет карантиндік шектеулерді жеңілдеткен. Сондай-ақ еуропалықтардың басым көпшілігі екпе алмаған. Сондықтан мамандар батыс халқын толық иммундалуға шақыруда. Ал коронавирус бойынша антирекорд орнатқан Ресей 3 ай ішінде тиісті қоғамдық иммунитет деңгейіне жетуді көздеп отыр. Ол үшін вакциналау қарқынын 4-5 есеге арттыру мәселесі қарстырылуда. Бүгін онда балаларға арналған «Спутник М» екпесі ресми түрде тіркелді.
«Расымен де, қазір вирус қатты өзгерді. Себебі індетке шалдыққандардың жағдайы ауыр. «Дельта» штамы Ресейде өршіп тұр. Науқастар ең алдымен тамақтың ауруына, ангинаға және дене қызуының ұзақ уақыт бойы түспеуіне шағымданады. Бұл өкпенің зақымдалуына әкеп соғуда. Ал вакцина алғандарда коронавирус жеңіл өтіп жатыр», – деді Волга медициналық зерттеу университетінің қызметкері, медицина ғылымдарының докторы Антон Жильцов (Ресей).
Ал біздің елде вакциналау науқанына халық белсенді қатысуда. Бүгінге дейін екпенің толық курсынан 8 миллионнан аса адам өтті. Қазір барлық өңірде ревакциналау жүріп жатыр. Сондай-ақ «Файзер» екпесіне де сұраныс көп. Тек Алматыда бүгінге дейін америкалық вакцинамен иммундалған 9330 адам тіркелді. Оның 6500-ден астамы жеткіншектер екен.
«Осы күнге дейін біздің №1 қалалық емханада 108 жасөспірім балаға «Файзер» вакцинасын салдық. Осы күнге дейін ешқандай жанама әсерлер тіркелген жоқ. Балаларда ешқандай реакциялар білінген жоқ. Ал бүгін осы мекемеде 12 балаға екпе салдық», – деді Алматы қалалық №1 емхананың педиатры Ұлжан Шормақова.
Иә, қазір әлемде ковидке қарсы екпенің түр-түрі бар. Тіпті, дәрілер мен спрейлер де өндірілуде. Бірақ уақыт өткен сайын вирус та қалысар емес. Ол мутациялануда. Осы ретте ғалымдар жаңа штамдар адам ағзасына басқаша әсер етіп жатқанын анықтаған. Қазір індетке шалдыққандар арасында симптомсыз науқастар азайып кетіпті. Бұған «дельта» штамы себеп дейді мамандар. Өйткені қауіпті вирусты жұқтырғандар бірден айқын белгілерді байқайды екен.
«Бәрінде анық симптомдар байқалуда. Тіпті, жеңіл формада болса да, жөтел, дене қызуы немесе иіс пен дәм сезбеу сияқты бір белгі болады. Сонымен қатар іштің өтуі, бел тұсы мен бастың ауыруы да қосылып отыр», – дейді Медеу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Мөлдір Ахметова.
Індет қауіпті болғанымен, елімізде оны жұқтырғандар қатары күн санап азайып келеді. Соңғы тәулікте 946 отандасымыз вирусқа шалдығыпты. Бір жеті бұрын науқастар саны 1083 болған еді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы