Бүгінгі күнде ешкімнен коронавирус табылмаған
Короновирус тараған елден келген азаматтар шұғыл оқшауландыралады. Олар 14 күн бойы карантинде болады. Бүкіл әлемнің үрейін тудырған індетке қарсы тұру мақсатында елімізде бірқатар шаралар атқарылуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның бірі – Алматыда өңірлік штабтың басқаруымен эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді. Республикалық салааралық комиссия отырысында айтылған тапсырмалар Алматы қаласында толыққанды орындалуда.
Соңғы тәулікте қауіпті індет Армения, Әзірбайжан, Эквадор, Ирландия, Монако және Катарда тіркелді. Коронавирус жайлаған Қытайда ауру жұқтырғандардың саны 80 мың адамнан асты. 2 мың 912 адам көз жұмып, 45 мыңға жуық адам қатерлі вирусты жеңіп шыққан. Оңтүстік Кореяда да коронавирус өршіп тұр. Онда дертке шалдыққандар саны 4 мыңнан асқан. Бұл ретте еліміз президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вирустың таралуына жол бермеу үшін ең тиімді әрекеттерді қолдану қажеттігін айтқан болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, үкімет бірқатар іс-шараларды жедел қолға алды. Шет мемлекеттерден Қазақстанға келгендердің барлығы жіті қадағалаудан өтіп жатыр.
«Қалаға 13 мыңнан астам жолаушы келді. 4 мыңнан астамы Қытайда болған. Оның бәрі дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер келеді, звандап тұрады, жағдайларын біліп тұрады. 200-ден астамы коронавируске байланысты тексерістен өтті. 4000-нан астамның бәрі бақылаудан өтті. Инкубациялық кезеңнен өткеннен кейін медициналық бақылаудан өтеді. Бүгінгі күнде ешкімнен коронавирус табылмаған», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА
Осы уақытқа дейін еліміз инфекцияның таралуына тосқауыл болатын амалдардың үш кезеңін іске асырған. Атап айтсақ, шекараға бақылау күшейтіп, Қытайдан оралғандардың денсаулығы бақылауға алынды. Бұдан кейін әуе қақпаларында 150 эпидемиолог жұмыс істеп жатыр. Лабораториялық диагностика реттеліп, емдеу хаттамасы, эпидемияға қарсы іс-шаралар реттілігі бекітілген. Үшінші кезеңде елге кіретін адамдар коронавирустың қауіптілік деңгейіне байланысты үш санатқа бөлінді.
«Бүгінгі таңда Алматы қаласының емханалары эпидемияға қарсы қауіпті аймақтардан келген адамдарды қабылдауға, оларды үй жағдайында карантин жасауға,олардың денсаулығын уақытылы қарап тұруға дайын. Біздің медициналық мекемелерде жеке бастарын қорғайтын қорғаныс киімдері, ем-домдық қажетті дәрі-дәрмектер, басқа да резервтік қорлар медициналық мекемелерде жасалған», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Бұдан бөлек, қалаға қауіпті аймақтардан келген азаматтарды, жұмыс жасайтыны болсын, уақытша келіп-кететіні болсын, бәрін 14 күн карантинде ұстайтын 857 төсек орны қарастырылуда. Ортақ іске Алматы қаласындағы медициналық университеттің жоғары курс студенттерін, резиденттерін тарту жоспарланып отыр. Арада осы университеттің басшылығымен келісім бар көрінеді.
Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы