Рейд: Бостандық ауданында сағат 00.00-ден кейін жұмыс істеген бірнеше дәмхана анықталды

Рейд: Бостандық ауданында сағат 00.00-ден кейін жұмыс істеген бірнеше дәмхана анықталды
Елімізде карантиндік шаралардың орындалуын бақылау жұмыстары күшейтілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде карантиндік шаралардың орындалуын бақылау жұмыстары күшейтілді. Осыған орай Алматыда арнайы құрылған мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандарды тексеруді бастап кетті. Мәселен, Бостандық ауданында түнгі сағат 00.00-ден кейін жұмыс істеген бірнеше көңіл көтеру орны анықталды. Санитария мамандары талаптарға қарамай түнімен келушілерге қызмет көрсете беретін кәсіпкерлердің азаймай тұрғанын айтады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.

Құрамында санитария мамандары жергілікті полиция қызметкерлері, кәсіпкерлік палата мен әкімдік өкілдері бар мобильді топ түнгі 00.00-ден кейін қоғамдық тамақтану нысандарына рейд жүргізді. Уақыт 00.00-ден асып кетсе де, мына дәмханада адамдар әлі бар сияқты. Тек тескеріс келгенін сезген иелері бірден жарықты өшіріп тастады.

Кілтті әрі-бері іздеген қызметкер сол күйі есікті ашпаған күйі жоқ болды. Ал мына қоғамдық орынның есігі ашық. Ішінде адамдар да бар. Бірақ олар өздерін осы мекеменің жұмысшыларымыз деп таныстырды.

Әріптесінің туған күнін атап өтіп жатқан жалғыз нысан бұл ғана емес сияқты. Түнгі сағат 01.00 болса да, есігі ашық тұрған нысанда жайбарақат отырған жастарды байқауға болады. Іште музыка дүрілдеп тұр. Бірақ көңіл көтеру орнының мамандары жабылып қалғанбыз деп ақталды.

Тексерушілер нысан иелерін қазбалап, жағдайды дәлелдеп жатпады. Тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасаумен шектелді.

«Бізде қоғамдық тамақтану орындарына берілген уақыт таңғы сағат 05.00-тен түнгі сағат 00.00-ге дейінгі уақыт белігіленеді. Бірақ, өкінішке қарай, кәсіпкерлер осы уақыттан өтіп, яғни 00.30 жарым, 01.00-ге дейін, кейде одан ары жалғастырып жатқаны анықталып жатыр», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әбілқасым Елепберген.

Осы орайда мамандар қала тұрғындары мен қоғамдық тамақтану орындарының иелерін тазалық талаптарына құлақ асуды сұрайды.

«Дәл қазір түрлі жұқпалы аурулардың қозатын уақыты болғандықтан, барлық кәсіпкерлерді эпидемиологиялық талаптарға жауапкершілікпен қарауын сұраймыз. Біз әрі қарай да түсіндірме жұмыстарын жалғастыра береміз», – деді «Атамекен» ҰКП Бостандық аудандық филиалының директоры Райымбек Бақытұлы.

Жалпы Бостандық ауданы бойынша екі мобильді топ құрылып, әрқайсысы 15 шақты нысанды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұндай рейд әр қарай да күшейтілген түрде жүзеге асатын болады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров