Ережеге сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 50 пайыздан артық болмау керек
Алматыда түнгі рейд жұмыстары кезінде карантин талаптарын сақтамаған 3 кәсіпкерлік нысан анықталды. Індеттің таралуына жол бермеу мақсатында Әуезов аудандық мониторинг тобы қоғамдық орындарда тексеріс жұмыстарын күшейтіп, қатаң бақылауда ұстап отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндасын.
Ережеге сәйкес қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 50 пайыздан артық болмау керек. Яғни, арақашықтық сақталып, түнгі 00.00-де есіктері жабылады. Алайда алғашқы нысанда оның бірі де байқалмады. Іші адамдарға лық толы және тыйым салынған қор-қор да шегілген. Ал, кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хаттама толтыруға тура келді.
«Жалпы айтқанда мобилдік топтағы Атамекеннің рөлі қолдағы билікті асыра пайдалану жағдайларын келтірмеу. Бірақ, өкінішке қарай, кәсіпкерлер тарапынан ондай бұзушы фактілер бар», – деді кәсіпкерлер палатасының Әуезов аудандық филиалының директоры Дінмұхамед Қонысбек.
Келесі нысан да карантин талаптарын өрескел бұзған. Соңғы шыққан қаулыға сәйкес қаладағы барлық караоке, бильярд, компьютерлік клубтар мен бәс тігу орталығының жұмысы мүлде тоқтатылған болатын. Алайда бұл жерде бәрі керісінше.
Бас санитардың қаулысына сәйкес мынадай караоке секілді кәсіпкерлік нысандар мен мерекелік жиындардың өткізілуіне тыйым салынған болатын. Алайда мұнда бірде бір тәртіп сақталмаған.
Кезекті қор-қор орталығы да қатаң түрде тыйым салынғанына қарамастан жұмыстарын тоқтатпаған. Тексеруші топ өкілдері түнде ұсталған 3 кәсіп иесіне Әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына сәйкес хаттама толтырып, 670 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
«Қазіргі таңда күнделікті жүргізілу барысында 20 шақты 30 шақты шамамен алғанда 20 мен 30 аралығында нысан тексеріледі. Оның ішінде көпшілігі, шыны керек, карантиндік талапты сақтайды. Әуезов ауданында алдыңғы уақытқа қарағанда тәртіп орнатылған», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Әуезов ауданында осы жылдың 1 қаңтарына бастап 22 ақпанға дейінгі аралықта 945 нысан тексеріліп, соның 85-не айыппұл салған. Оның 58-і заңды болса, 27-сі жеке тұлға.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы