Коронавируспен ауырған алматылықтардың 30 пайызы ұмытшақтыққа ұшыраған

29.10.2021 00:05

Дәрігерлер тек екпе ғана коронавирустан кейінгі синдромның алдын алатынын айтады

timess.rusff.me

Дәл осы жағдай еліміздің өзге де қалаларында болып жатыр. Ауырған перзенттерін құшақтаған ата-аналар аурухана есігін тоздырып, ұзын-сонар кезекте тұрған видеолар әлеуметтік желілерде өріп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында жедел жұқпалы респираторлы вирус тарап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Елордадағы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының педиатрия бөлімшесі түсірілген видеода сырқаттанған балаларын дәрігерге көрсетуге асыққан тұрғындар дәлізде ұзын-сонар кезекте тұр. Мамандар оларды қабылдап үлгермей жатыр. Ал ауруханаға жатқызылған бүлдіршіндерге тіпті, бос орын жоқ. Сондықтан төсек-орындар палатаның сыртына қойылып, балалар ата-аналарымен дәлізде ем қабылдауда. Асты да сол жерде ішуге мәжбүр. Бұл жағдайды Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасы растап, науқас балалар қатары көбейгенін айтып отыр. Бірақ олардан COVID-19 вирусы анықталмаған. Балалар ауруханаға пневмония, жұқпалы респираторлы вирус және тұмау жұқтырып түсіп жатыр екен.

«Вирустық инфекциялармен ауырған балалар ауруханаға түсіп отыр. Көбінде 0-ден 2-жасқа дейінгі балаларды әкелуде. Бұл бөлімшеде палатадағы орын жетіспеушілігіне байланысты дәліздерде төсек-орын қоюға тура келді. Қазіргі уақытта жағдай қолға алынды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айгерім Ардаққызы.  

Дегенмен, қазір елде эпидахуал тұрақты. Соңғы тәулікте 1700-дей жағдай тіркелді. Алайда коронавирус жұқтырып, жазылғандардың оңалуы қиынға соғуда. Бұл туралы америкалық ғалымдар да мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, COVID-19 адам ағзасын зақымдап қана қоймай, есте сақтау қабілетін нашарлатады екен. Ол үшін 740 адамға зерттеу жүргізіліп, 47 пайызында дәл осы құбылыс анықталған. Пациенттер қарапайым заттарды ұмытып қалған немесе бұрын-соңды болған жәйтті еске түсіре алмаған. Дәл осындай шағыммен COVID-19 вирусынан жазылған 30 пайыз алматылық тұрғын дәрігер кеңесіне жүгініпті. Ал мамандар оны емдеуге ұзақ уақыт керек екенін айтып отыр.  

«Пациенттер соңғы уақытта жиі ұмытшақтыққа, оқуға қабілеттің нашарлауына, жаңа ақпаратты қабылдай алмауына қатты алаңдауды. Бұған себеп – мидағы қан тамырларының қызметінің бұзылуы. Яғни, вирус тамырды зақымдайды, салдарынан қан дұрыс айналмайды. Ал оңалу үшін дәрумендер қабылдап, денсаулықты күту қажет. Егер ұмытшақтық пайда болса, көп оқыңыз, есте сақтау үшін миды жаттықтырыңыз. Иіс сезбей қалсаңыз, мұрындағы рецепторларды тітіркендіру қажет», – дейді иммунолог Гауһар Құрманова.

Осылай, иіс сезбей, ұмытшақтыққа ұшыраудың кез келген адамды қажытатыны рас. Сондықтан тек екпе ғана коронавирустан кейінгі синдромның алдын алады. Осы ретте Алматы дәрігерлері халықты вакцина алуға шақырып жатыр. Мұндай челленджді қалалық №9 емхана ұжымы бастап, басқа да медицина мекемелеріне тарады.  

1.            Егілу арқылы сіз коронавирусты жеңуге өз үлесіңізді қосасыз. Оны - мутация мен таралу мүмкіндігінен айырасыз. Вакцинация бұл - қауіп-қатерсіз және шектеусіз жарқын өмір.

2.            Бізді арақышықтықты сақтаусыз, шектеулерсіз және бетпердесіз өмір сүруге алып келетін – екпе. Екпеңізді алыңыз да, аурудың алдын алыңыз.

3.            Бәріміз карантиндік шектеулерден шаршадық. Жақындарымыздан, достарымыздан айырылдық. Тек вакцинация бізді бұған дейінгі өмірге жақындатады.

4.            Вакцинация – жұқпалы ауруға қарсы егілген адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғауға мүмкіндік береді.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы