Алматының Медеу аудандық мониторингтік топтары соңғы аптада 300-ден астам мекемеге тексеріс жүргізіп, 15 кәсіпкерге айыппұл салған. Алайда кейбір кәсіпкерлік нысандар індеттің өршуіне қарамастан карантиндік тәртіпті өрескел бұзып, санитарлық талаптарды әлі сақтамай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеу ауданының мониторингтік тобы өткен түні тексеріске шығып, тәртіп бұзған мейрамхананы анықтады. Мекемеге сағат түнгі 12.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілсе де, келушілер арасындағы қашықтық мүлде сақталмаған. Яғни қонақтарды шамадан тыс артық қабылдап, санитарлық талаптарды бұзған.
«Ashyq жобасында кішігірім өзгерістер бар. Қарапайым мобилді бағдарламамен жұмыс істейтіндер кешкі 10.00-ға дейін, пилоттық жобаның көшбасшылары түнгі 12.00-ге дейін жұмыс істей алады. Яғни мекеме қызметкерлерінің 90 пайызы вакцина алып, 2 аптаның ішінде Ashyq-пен тіркеліп кіргендер санын 2 мыңға жеткізсе түн ортасына жұмыс істеуіне мүмкіндіктері бар», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Самал Орасаева.
Көп ұзамай тексеруші мамандар әл-Фараби даңғылы мен Бәрібаев көшесінің бойында орналасқан 2 бардың үстінен түсті. Екеуі де шектеулі уақытқа қарамастан жұмыс істеуін тоқтатпаған. Кейін барлық келушіні сыртқа шығарып, үйлеріне қайтарса мекеме әкімшілеріне хаттама толтырды. Алайда қонақтардың бірі карантиндік тәртіпке бағынбай өзінің вакцина алғанын айтып, мамандармен ұзақ уақыт сөзге келді.
«Медеу ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Екеуі күндіз шықса, қалған екеуі түнде шығады. Жергілікті кәсіпкерлік нысандар біздің бақылауымызда. Сондықтан қала тұрғындарынан өтінерім денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.
Айта кетейік, қалада індеттің өршуіне байланысты рейд жұмыстары күшейтіліп жатыр. Статистикаға сүйенсек Медеу аудандық мониторинг топтары соңғы аптада 300-ден астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 15 кәсіпкерге айыппұл салған.
Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы