Алматыда екпе алған қала халқының саны 800 мыңнан асты. Оның 106 мыңы 60 жастан асқан егде кісі. Қала бойынша қазір сауда орындары мен базарларда 160 вакцина егу пункті жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлім Амангелдинов екі апталық еңбек демалысын Грузияда өткізген. Шет мемлекетке шығар алдында Спутник-V вакцинасының екі компонентін де алып үлгеріпті. Өзге елдерде екпе алғандар үшін жеңілдік көп екенін айтады. Мәселен, Грузияға сапарлаған жолаушылардан ПТР анықтамасы талап етілмейді әрі ішкі қала арасында еркін кіріп-шығуға мүмкіндік бар екен.
«Мәселен, Грузияға вакцина құжатынсыз баратын болсаңыз, әр 3 күн сайын ПТР тест тапсыруыңыз қажет болады. Оның үстіне онда тест тапсыру бағасы бізден әлдеқайда қымбат. Қазір баршамызға соның ішінде жастарды екпе алуға шақырамын. Шет елге шығатындарға екі есе маңызды деп айтар едім», – деді қала тұрғыны Әлім Амангелдинов.
Тұрғындардың басым көпшілігі вакцина алмайынша, карантин талаптары жеңілдемейді. Осылай деген медицина ғылымдарының докторы Гаухар Меңдібайқызы екпе қарқыны бәсеңдесе, вирустың таралу сценарийі қайтадан өрбуі ықтимал екенін айтады. Ал, вакцина алғандар ауруды жеңіл өткереді дейді иммунолог. Сөзінше, соңғы кезде пайда болып жатқан коронавирус штамдарының көбеюі де вирустың күшейгенінің белгісі.
«Әлемде болсын, біздің елде болсын коронавирсутан көз жұмғандардың бәрі вакцина алмаған адамдар екені белгілі болды. Яғни, екпе алмаған кесірінен вирусты ауыр өткеріп, соңы қайғылы жағдайға әкеліп отыр», – деді иммунолог Гаухар Құрманова.
Алматыда бір тәулікте 6 261 адам екпенің бірінші компонентін алса, 5 472-сі екіншісін салдыртқан. Осылайша сала мамандарының хабарлауынша, вакцина алған жалпы хала халқы 40 пайызды құрайды.
«Вакцинаға көзқарасым өте жақсы. Өйткені вакцина қабылдап, елдің қауіпсіздігін осылай сақтап қалуымыз керек. Өзім қолдаймын. Вакцина туралы айтып жүремін. Вакцина болмаса бұл індетті жеңе алмаймыз», – деді қала тұрғыны Орынгүл Қуандықова.
«Басында енді қорқынышпен қараған болатынмын. Әртүрлі месенджерлерден ақпарат келгеннен кейін, қорқыныш болды. Бәрібір де енді соған келдік», – деді қала тұрғыны Әділет Исламғазиев.
Алматыда эпидемиялогиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Инфекциялық стационарлардағы төсек орын саны 8 910 болса, оның қазір 70 пайызы бос. Қоғамдық денсаулық басқармасы қажет болса, оның санын ұлғайтуға әзір екендіктерін айтады. Жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде - 397 адам емделіп жатыр. Олардың 227-сі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы