«Қыркүйектен бастап локдаун жарияланады»: комитет ресми мәлімдеме жасады

13.08.2022 00:08

Ел бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді

liter.kz

Күзде локдаун болады. Халықты дүрліктірген осындай фейк ақпарат әлемжеліде желдей есіп тарап жатыр. Қазнеттегі ақпар бойынша, «1 қыркүйекте індеттің жаңа толқыны басталып, карантин жарияланады» екен. Елді елең еткізген бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі өкілдері жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.   

Айтуларынша, қазір ел бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді.

«Аурудың аздап өскені байқалады, бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз барлығын COVID-19 жұқтырмас үшін екпе алуға және ревакцинациялауға, қоғамдық орындарда бетперде киюге және мүмкіндігінше шет елдерге барудан бас тартуға шақырамыз. Карантиндік шараларды күшейту немесе әлсірету туралы шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Бүгінге дейін карантин жариялаудың жөні жоқ», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқарманың бас сарапшысы Қуаныш Игіманов.