794 науқас. Бұл соңғы бір тәулікте елдегі коронавирус жұқтырғандардың саны. Дәрігерлердің сөзінше, індеттің ілмегіне ілінгендер мерекелік шараларда, әлеуметтік арақашықтық сақталмаған жерде және адамдар көп жиналатын орындарда болғандар. Сондықтан бұл көңіл көншітпейтін сан көбейіп келеді екен. Карантин талаптарын сақтамағанның соңы қайғылы жағдаймен аяқталатынын да еске саламыз, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеше елде аты жаман аурудан 7 адам көз жұмған. Алматыда көңіл көтеретін орындар елдегі қиын жағдайды пысқырмайтын сияқты. Карантин режиміне қарамастан кафелер мен лаундж барларға баратындан азаймай тұр. 25-28 қараша күндері қаладағы мониторингтік топ 36 кәсіпкерлік нысаннан карантиндік режимді бұзу факті анықтаған. Ережеге бағынбағандарға айыппұл салынды. Ғимараттарда негізінен залалсыздандыратын заттар болмаған, жұмыс кестесі бұзылған, бетперде тағылмаған. Ал осындай жерге баратындар аурудан қорықпайтындарын айтады. Тіпті шетелдік вакцина салдырып алғандар да бар екен.
Ал, қалалық әкімдік алматылықтар мен қала қонақтарын мүмкіндігінше адам көп жерге, әсіресе мегаполистің мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысын бұза отырып жұмысын жалғастыратын нысандарға бармауға шақырады.
«Өкінішке қарай6 мониторингтік топ карантин талаптарын бұзатын кәсіпкерлік нысандарды көптеп тауып жатады. Бұл қуанатын жайт емес. Осылайша олар өздеріне залал келтіреді. Мәселен, кейбір іс сотқа жолданып кетеді. Ондай жағдайда ережені бұзған нысан бір немесе екі айға дейін қызметін тоқтата тұруына тура келеді», – деді Медеу ауданы кәсіпкерлік және өндірісті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
Тексеру жұмыстары Қазақстандағы әуежайларда да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, кеше елге 20 халықаралық әуе рейсі қонған. 2 мың 746 жолаушының 1 мың 505-і Алматыға келген. 116 адамда ПТР анықтамасы болмай шықты. Олар лабораториялық зерттеу жасау үшін карантиндік мекемеге жөнелтілген. Тест тапсырған барлық азаматтан ауру анықталмады.
Графика-1 (Қазақстандағы жағдай)
Графика-2
Қазақстанға өзге мемлекеттен келген жолаушылар 29.11.2020 Ж
20 халықаралық әуе рейсі
2 746 жолаушы
Алматы қ 9 әуе рейсі, 1 505 жолаушы, 1 389 птр анықтама бар, 116 анықтама жоқ
Нұр-Сұлтан қ 10 әуе рейсі, 1 232 жолаушы, 1 060 птр анықтама бар, 172 анықтама жоқ
Ақтау қ 1 әуе рейсі, 9 жолаушы, барлығында птр анықтама бар