Алматыда Жаңа жыл қарсаңында мониторингтік топтардың жұмысы күйшейтілді. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Яғни, меркелік кештерді өткізудің өзіндік ережесі бар. «Жасыл» аймақтың талаптарына сәйкес, қоғамдық орындарда адам саны 100-ден аспауы керек. Және тек «жасыл» мәртебеге ие меймандардың кіруіне рұқсат етіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көтеріңкі көңіл күй, жаңа арман, жаңа мақсат. Иә, Жаңа жыл мерекесіне санаулы күндер ғана қалды. Бұған медицина қызметкерлері қатты алаңдап отыр. Себебі көпшіліктің мейрамды қоғамдық орында тойлайтыны жасырын емес. Сондықтан эпидемиологтар мониторингтік топтардың жұмысын күшейтіп отыр. Бұл ретте бірқатар талаптардың сақталуы қажет. Мәселен, «Ашық» қосымшасына қосылған нысандар тек түнгі сағат 3.00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал көшбасшылар таңғы сағат 5.00-ге дейін жұмыс істей алады. Егер кәсіп нысандары бұл ережені бұзса, 87 мың теңгеден аса айыппұл төлейді. Сондай-ақ қоғамдық орындарға тек «жасыл» мәртебелі меймандар ғана кіре алады. Ал адам саны 100-ден аспауы тиіс. Жалпы бақылау жұмысы күшейтілгелі, бір аптаның ішінде 50 шақты нысанда тәртіпбұзушылық анықталыпты.
«Қалада коронавируспен сырқаттанғандар саны азайғанымен, тәулігіне 35-40 науқас тіркелуде. Сол себепті мониторнигтік топтардың жұмысы күшейтіліп отыр. Осы ретте алматылықтарға Жаңа жылды үйде, отбасымен бірге қарсы алуға кеңес беремін. Бұл мерекелік кешті қоғамдық орында тойлап, коронавирусты жұқтырып, аурухана төсегінен бірақ шыққаннан жақсы», – деді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Ал әлемде керісінше, карантин шаралары қатаңдап, бірқатар мемлекеттер локдаун мен коменданттық сағат жариялауда. Мәселен АҚШ «Омикрон» штамының дендеуі себебінен мыңға жуық әуе рейсін тоқтатты. Ондағы әуекомпанияның мәлімдеуінше, ұшқыштар мен бортсеріктердің көбі жаңа вируспен аурып қалған. Кейбір мәліметтерде өзге елдің азаматтарымен байланысқа түскені үшін карантинге жабылыпты делінген.
Ал Еуропа әуежайлар кеңесінің хабарлауынша, қараша айының соңынан бастап жолаушылар қатары 20 пайызға төмендеген. Осы ретте Швеция мемлекеті вакциналау құжаты енгізілген шағын чиптер жасап шығарды. Инновациялық құрал қолдың терісінің астына енгізіледі. Бүгінде ондағы 6 мыңға жуық тұрғын бұл техниканы салғызып үлгерген. Өндірушілердің айтуынша, құрылғының адам ағзасына зияны жоқ. Ал қажет уақытта шығарып тастауға болады. Одан бөлек техника маңызды құжаттарды сақтап, кредиттік картаның орнын алмастыра алады екен. Бірақ қазіргі уақытта микрочиптер сатылымда жоқ. Тек еріктілер арқылы сыналып жатыр.
«Барлық ақпар кез келген уақытта қолжетімді болады. Мәселен кинотеатрға немесе сауда орталығына барған адамдарда ұялы телефон болмаған жағдайда, осы чип арқылы вакциналау мәртебесін тексеруге мүмкіндік бар», – деді өндіруші компанияның директоры Ханнес Шобланд.
Ал елімізде эпидахуал жақсарып келеді. Өткен тәулікте барлығы 342 отандасымыз науқастанып қалды. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 57 адамға аз. Ал Түркістан облысында сырқаттанған 1 ғана азамат тіркелді. Елордада 70-ке жуық адам анықталып отыр. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы әлі де «сары» аймақта тұр. Ал коронавирус бойынша жағдайы тұрақталған Павлодар облысы бүгін «жасыл» аймаққа өтті. Ең қуантарлығы, «қызыл» аймақ бос тұр. Онда бірде-бір өңір қалмады. Мамандар жағдайдың осылай тұрақталуына қоғамдық иммунитет ықпал етті дейді.
Сондықтан халықты жаппай егу науқанына қатысуға шақыруда. Осы ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та дәрігердің кеңесімен қаңтар айында ревакциналаудан өтуді жоспарлапты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-парақшасында жариялады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы