Вакцинация болмаса, мұражайға келмейтін бе едік: Алматыда екпе егу орталығы Ә. Қастеев мұражайында да ашылды

15.04.2021 03:45

Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салу науқаны жалғасып жатыр

Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салу науқаны жалғасып жатыр. Сауда кешендері мен қоғамдық орындарда, емханаларда орналасқан арнайы орындарға ерікті түрде екпе салғызу үшін келетіндердің қарасы қалың. Ал таяуда қала жұртшылығы вакцина салдырумен қатар, көркем өнер туындыларын тамашалап қайту үшін екпе егу орталығы Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда да ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындарға вакцина салу үшін қала аумағында 203 пункт жұмыс істеп тұр. Солардың бірі, әрі айрықша әсер қалдырарлығы – Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі. Мұнда келушілер қажетті екпені салғызған соң мұражайдың тыныс-тіршілігімен танысып, құнды жәдігерлерді көре алады. 

«Осы орталықта бүгінге 60-тан астам біздің қаланың тұрғындары вакцинация алды. Біздің орталықта 12-ден астам дәрігер, медбике, волонтер жұмыс істеп жатыр. Бүгінде вакцина алғандардың арасында жанама әсері тіркелген жоқ», – деді №12 қалалық емхананың бас дәрігері міндетін атқарушы Тоғжан Әбілдаева.

Өнер орталығына екпе салғызу үшін келген көпшілік вирустың қаншалықты қауіпті екенін жете түсіндік дейді. Әрі аталған пунктте келушілерге айрықша жағдай қарастырылғаны да назардан тыс қалмады. 

«Енді қорқып жатырмыз ғой, қазір халықтың арасында көбейіп кетті. Сол өзім үшін, қауіпсіздік үшін алып отырмын», – деді қала тұрғыны Жеңісгүл Бұлдыбаева.

«Бірінші рет осы музейде болдым. Вакцинация болмаса, келмейтін бе едік музейге, уақыт жоқ қой. Бәрі күшті, маған ұнады», – деді қала тұрғыны Светлана Қосуақова.

«Тарихтан білеміз, қандай да бір кең тараған, қорқынышты ауруларды вакцина жеңген. Мен де коронавирустан қорғану үшін екпе алдым. Дәл қазір өзімді әдеттегідей сезініп тұрмын», – деді қала тұрғыны Максим Огневой.

«Көпшілікпен жұмыс істейміз және үйімізде бала-шағамыз бар. Солардың денсаулығына зиян келмеуі керек деген ойдамыз, біріншіден. Әрқашан халқымыздың, бәрінің амандығын ойлағанымыз дұрыс қой», – деді қала тұрғыны Шәмшия Әжібаева.

Еске салайық, соңғы тәулікте қала бойынша вакцина салғызғандар саны - 10 045 адамды көрсетіп отыр. Ал, 1 ақпан мен 12 сәуір аралығында жалпы саны 97 145 адам ерікті түрде екпе қабылдаған. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шаһарда вакцина жеткілікті, бүгінде оның жалпы қоры 78 мың дозадан асып отыр. Айта кетейік,  Алматыда 203 пункт жұмыс істейді. Толық режимге өткен 406 егу бригадасында 1809 медицина маманы қызмет атқаруда.

Мадина Оқас, Диас Махамбетов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы