Алматыда халыққа жаппай вакцина салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен тәуліктің өзінде 6 мыңға жуық Алматылық екпе ектірген. Оның ішінде 1 700 адам отандық вакцинаны қабылдаған. Спутник-V мен QazVac-тың айырмашылығы неде? Препараттардан болатын әсер әр түрлі ме? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек вакцина қабылдаған азаматтардың өзінен сұрап, дәрігерлермен тілдескен еді. Сюжетке назар салыңыздар.
Осы күні Алматыда 210 вакцина салатын орын бар. Барлығында санитарлық талап қатаң ескерілген. Әлеуметтік арақашықтық пен маскалық режим міндетті түрде сақталған. Коронавирусқа қарсы препаратты салудың өзіндік алгоритмі бар.
Екпе ектіргісі келетін азамат алдымен осында келіп арнайы анкета толтыру керек. Содан кейін оның қан қысымы мен дене қызуы өлшенеді. Егер барлығы дұрыс болса келесі бөлмеге жөнелтіледі. Вакцинаның өзі дәл осы жерде саынады. Екпені қабылдаған адам жарты сағат бойы осы күту залында отыруы керек. Егер осы уақыт ішінде кері әсер болмаса, үйіне жіберіледі. 21 күннен кейін келіп вакцинаның екінші компонентін қабылдауға болады.
«Covid-19 ауруын жоғалту үшін вакцина бәріміз алу керек шығармыз. Соған қарсы күрес деп ойлаймын. Сол жойылып кетсін деп осы ауру тілейміз бәріне», – деді қала тұрғыны Ержан Берікболов.
«Вакцина салдыруға енді елімізде мынадай ауру жүріп жатыр. Сол алдын алайық деп. Өзіміз бар, отбасымыз бар, толық салдырып тастадық», – деді қала тұрғыны Тәңірберген Иманбеков.
«Енді мен өз еркіммен вакцинация салдым. Өйткені ол бүкіл Қазақстан, бүкіл дүниежүзінің барлық адамзатының міндеті, жауапкершілігі деп ойлаймын. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Қорықпай алға деп, ең бірінші вакцинация салдырғандар қатарындамын», – деді қала тұрғыны Халима Ақжанқызы.
Екпені қабылдағандар жауапкершілікті сезінеміз дейді. Бірі отандық вакцинаны салдырса, енді бірі көрші Ресейлік вакцинаны таңдаған. Дәрігерлердің сөзінше, екеуінің де әсері бірдей. Тек, дайындалу тәсілі ғана бөлек.
«Спутник-V» ол жаңағы күрделі векторлы вакцина. Ол өзі екі түрден тұрады. 21 күннен кейін қайталанады және 1-мөлшер мен 2-мөлшердің құрамы әртүрлі. Екінші біз Қазақстанның ҚазКовид-ин екпесін саламыз. Ол да 21 күннен екі мөлшерден тұрады. Бірақ біздің қазақстанның екпесінің 1-ші және 2-ші құрамы бірдей, – деді №23 қалалық емхананың бас дәрігері Сәуле Әшен.
Қазақстандық ғалымдар отандық вакцинаны өткен жылдың 9 мамырында жасап шығарды. Араға алты күн салып жануарларға егу арқылы клиникаға дейінгі зерттеу басталған. Маусым айында оң нәтиже алған соң, шілдеде ғалымдар QazVac-ты өзіне қабылдайды. Ал, қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында клиникалық зерттеулердің 3 кезеңі жүргізілді. Жақында өзіміздің препарат өңірлерге жеткізіліп, адамдарға салынып жатыр.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы