Деректі фильм «Almaty TV» телеарнасынан 11 мамыр күні көрсетілді
Алматылық дәрігерлер короновируспен күресудегі ең қиыны не екенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы екі ай бойы COVID-19 шалдыққан науқастарды емдепжүрген Алматы қаласының дәрігерлері Абзал Малбасқанов пен Мұрат Аманбаев, олардың ауруханадағы уақыттарының қалай өтетінін, сонымен қатар, карантин кезінде жұмысты ұйымдастыру мен коронавирусты емдеу кезінде қолға алынған шаралар туралыәңгімелеп берді. Алматы қаласының Фтизиопульмонология орталығының қызметкерлері карантиннің алғашқы күнінен бастап науқастарды емдей бастаған. Олар 13 наурызда Ухань қаласынан келген қазақстандық студенттер мен індеттің ошағынан қайтқан туристерді де қабылдауға қатысты. Орталықтағы бір күндерін Almaty TV телеарнасының сұрауымен дәрігерлер go-pro камераға түсіруге келісім берді.
Алматыдағы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Абзал Малбасқанов 50 күн бойы коронавируспен күресуде. Ол алғашқы еріктілердің бірі болып, команда құрып, қазір бір топ медициналық қызметкерді ұйымдастырып отыр.
«Ешкімді міндеттеген жоқпыз. Барлығы өз еркімен қалды. Жүректің қалауымен. Сенгісіз болғанымен де, әр қызметкердің патриоттық сезімінің жоғары екеніне көз жеткізуге болады.Қалай болса да, бел буып қалдық. Алғашқы ұшақтың келетінін естіген сәттенбастап, дайындықты бастап кеттік. Көмекке инфекционист мамандар келді. Барлық қадамдар мен шараларды бірге талқыладық», – дейді Абзал Малбасқанов.
Дәрігер-анестезиолог және реанимотолог Мұрат Аманбаев шақыртуды бірден қабылдап, 19 наурыз күні таңғы сағат сегізденқызметке кіріскен.
«Жұмыс басталған кезде, бізге коронавируспен ауырған науқастарды емдеудегі протоколдарды көрсетті. Бізоны талқылап, сарапқа салдық. Науқастар алғашвирус жұқтырғандарына сенгілері келмеді. Мына індетпен күресудегі ең қиыны да осы болды. Бірнеше күннен кейін, емдеу шаралары нәтиже бере бастағанда ғана бізге сенім танытып, емдеуге көне бастады», – дейді Мұрат Аманбаев.
Бүгінгі күні Орталықтың қызметкерлері жаңа карантиндік жағдайға бейімделіп алған. Топтық жұмыстың нәтижесі көрініп тұр. Әрбір қызметкер өз пікірін ашық айтып, емдеу жолдарын бірлесіп шешіп, бір-біріне қамқорлық танытуда.
Өзара келісіп, қауіпсіздік техникасы маманын да сайлап алған. Ол барлық қауіпсіздік шараларын қадағалап, дәрігерлерді қорғайтын киімді киюге көмектеседі. Орталықта «таза аймақ» ұйымдастырылып, онда медицина қызметкерлері кеңес өткізіп, дем алады.
«Алғашқыда науқастар саны өте көп болды. Ол кезде тәуліктеп жұмыс істедік. Кезекпен демалатынбыз. Тыныққандар жұмыстан шаршап келгендерге ыстық тамақ пен шәй дайындап беріп отырды. Әрі қарай өздері де жұмысқа кірісетін. Сол кезде командалық жұмыстың кереметін түсіндік» – дейді Абзал Малбасқанов мақтанышпен.
«Almaty TV» телеарнасы дайындаған деректі фильмде дәрігерлер коронавирус жайын, елдегі ахуал, түрлі көзқарас туралы өз ойларымен бөліседі.