Алматыда бір түннің ішінде КВИ жұқтырған 35 адам аурухана түсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Алатау ауданындағы Изатима Жекенова атындағы модульді госпитальде 140-тан астам науқас ем қабылдап жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы бойынша бір түннің ішінде қауіпті вирус жұқтырған 35 адам аурухана түсті. Одан бөлек, ақ халаттылар қазір күннің күрт суытуына байланысты бұл сандар әп-сәтте өзгеруі мүмкін екенін айтады. Сол себепті сақтық шараларын сақтау әлі де аса маңызды болып тұр. Қазіргі ауруханадағы жағдай қалай? Қауіпті індеттің екінші толқынына дайындық шаралары қалай жүргізілуде? Almaty.tv тілшілері инфекциялық ауруханаға барып, ем-дом қабылдап жатқан науқастармен тілдесті.

Эдеш Рақымжанов – қазір өкпені жасанды демалту аппаратына қосылған. Басы айналып, қызуы көтеріліп, өкпе демікпесі пайда болғаннан кейін дәрігерлердің көміне жүгінуден басқа амалы болмапты. Бір апта бұрын модульдік госпитальге ауыр хәлде жеткізіледі. Сараптама қорытындысы өкпесі 50 пайызға зақымдалғанын көрсеткен.

«Менің де бастапқыда қызуым көтеріліп бастады. COVID жұқтырғанымды білгенде аң-таң болдым. Санитарлық талаптарды толығымен сақтап жүрсем де, ауру мені айналып өтпеді. Қазір жағдайым жақсы болып қалды. Адам вирусты қалай және қайдан жұқтырғанын да байқамай қалады. Қоғамдық орындарда вирус сіздің жаныңызда жүруі де мүмкін. Барынша сақ болыңыздар!» – деді науқас Эдеш Рақымжанов.

Алатау ауданындағы Изатима Жекенова атындағы модульді госпитальде осы  кейіпкеріміз сынды 140-тан астам науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, олардың 16-сы қазір ауыр жағдайда. Стационардың медициналық әлеуеті әлі де осынша адамды қабылдауға қауқарлы. Ол үшін аппараттар мен дәрі-дәрмектер толығымен жеткілікті дейді ақ халаттылар. Қаладағы білікті дәрігерлер де осы ауруханаға жиналған.

Тамара Утағанова – инфекциялық ауруханада 25 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман. Оның айтуынша, алда-жалда елімізде екінші толқын пайда бола қалса, індетті жеңуге сақадай саймыз дейді. Себебі, қалада наурыз айында орнаған төтенше жағдай кезінде біраз тәжірбие жинаған. Қазір әр қадамның алдын-ала жоспарланғанын айтады.

«Ең алдымен, 100 пайыздық төсек-орнына оттегімен жеткізілуі. Егер науқасқа қажетті респераторлық көмек керек болатын болса, ол қолжетімді болды. Ол үшін барлық ранимацияда жасанды өкпе тыныс беретін аппараттар, қажетті лобораторлық аппараттар, инфузиялық насостар, шприцтік насостар, дәрі-дәрмектердің барлығы сатып алынды», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Тамара Утағанова.

Бұдан бөлек, бүгінде қалада қауіпті індетпен күресу үшін 32 көп салалы госпиталь жұмыс істеп тұр. Онда барлығы 7 мың төсек-орны бар. Оның 250-і ауыр науқастар яғни, жансақтау бөлмелері. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы екі емхананың құрылысы аяқталып пайдалануға берілмек.  

Қауіпті кеселдің 2-толқынына дайындық:

Көп салалы стационар саны: 32

Төсек орны саны: 7226

Жансақтау бөліміндегі төсек саны: 250

Ауруханадағы жасанды тыныс алу аппараты мен желдеткіштің дыбыстарын естігенде денең түршігеді. Кереуетте әрең тыныстап жатқан науқастарды көріп, карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте аңғарасың. Мұндағы жансақтау бөлімінде жатқан 16 науқас бір ғана нәрсені армандайды. Ол – жанның саулығы. Сол себепті саулық – сақтықта.

Новости партнеров