Әлем елдерінде өршіп кеткен «омикрон» штамының негізгі белгілері қандай

31.12.2021 00:22

Жаңа штамның пайда болуына ұзақ уақыт вакцина алмағандар сеп болуы бек мүмкін

Фото: news.myseldon.com

Әлем елдерінде қазір індет өршіп, вирус жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Италия сынды алып елдер 30 қарашадан бастап әуе рейстерін бақылауда ұстаса да, қауіптің алдын ала алмай келеді. Атышулы «омикрон» штамы бір ай ішінде әлемнің 110 елінде анықталғанын ескерсек, біздің елге де төнер қауіп жоқ емес, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Ең алғаш Оңтүстік Африка Республикасынан 9 қараша күні алынған сынамадан анықталған «омикрон» штамы қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын тығырыққа тіреп отыр. «Дельта» мен короновирустық штамның мутациялық өзгерісінен туындаған індетті мамандар «алаң тудырған штамм» деп те атап отыр.

«Омикрон» штамы қазір әлем елдерінде дендеп жатқанын ескерсек, бұл қауіпті штамм Қазақстанды айналып өтеді дегенге сену қиын. Егер мереке күндерінен соң індеттің дәл осы түрі бізде де тіркеліп жатса, таңқалмас едім. Алайда бір қызығы, «омикрон» штамының белгілерін қалыпты тұмаудан ажырату қиын. Сонымен қатар бұл штамм алдыңғы вирустық жұқпалы ауруларға қарағанда жеңіл басталуы мүмкін», – деді медициналық профилактика академиясының президенті, профессор Алмас Шарман.

Профессордың пайымдауынша, жаңа штамның пайда болуына ұзақ уақыт вакцина алмағандар сеп болуы бек мүмкін. Өйткені індетке іліккен ағзаның вируспен күресу көрсеткіші төмендейді екен. Аталмыш штамм Италиядағы Милан қаласында да өршіп жатқан көрінеді.

«Бізде ковидқа байланысты жағдай қазір өте нашар болып тұр. «Омикрон» вирусының жұғу қаупі өте жоғары. 28 желтоқсаннан бастап қазір көшеде ешқандай адам жоқ. Мен ковид жұқтырмасам да, бірақ үйде ауырып жатырмын. Бүкіл Италия аумағын алғанда мен тұратын Ломбардия аумағында «омикронның» штамы өршіп жатыр», – деді Милан қаласының тұрғыны (Италия) Жібек Ниязбаев.

Ал Қазақстанға әуе қатынасын жалғайтын АҚШ пен Италия елдерінің жолаушылары келген бойда вакцина салдырған-салдырмағанына қарамастан, ПТР-тестін тапсырады және тест нәтижесі қандай болса да, жеті күн карантинде болады.

Әлібек Шынтемір, «Алматы» телеарнасы