Ақтөбе облысында 4 жүкті әйел коронавирустан қайтыс болды

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Тағы 6 азаматша аса ауыр жағдайда жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында 4 жүкті әйел коронавируспен ауырып, қайтыс болды. Жасы мен жасамысын қатар жалмаған індеттен тағы 6 азаматша аса ауыр жағдайда жатыр дейді мамандар. Жалпы, тек Ақтөбе облысы емес, соңғы жылда республика аумағында ана өлімі артқан. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Мадина Оқастан білейік. 

Біз Ақтөбе облыстық перзентханасының мамандарымен тілдестік. Әйелдердің бірі жүктіліктің 25-аптасында, ал бірі босанғаннан 5 күн өткенде қайтыс болды деген орталық маманы олардың аса ауыр жағдайда емханаға түскенін айтады. «Патогенді ем көрсетіліп, керек шара қабылданса да, өкпенің 90 пайыздық зақымдануынан әйелдерді аман алып қалу мүмкін болмады», дейді Ақтөбе медициналық орталығының дәрігері. Қазіргі таңда аталған мекемеде 12 жүкті әйел жатыр, оның 3-еуінің жағдайы өте ауыр.

«90 пайыз өкпе қабынуы деген ол қандай? Өкпе қабынуы дейміз, оған тыныс алу қабілетінің нашарлауы қосылады. Содан кейін бактериялық инфекция пайда болады. Сондайдан ол кісі қайтыс болып отыр», – деді Ақтөбе медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анар Ақатаева.

Ал, Алматыдағы ахуалға тоқталсақ, бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде гинеколог Әсел Омарқұлова COVID-19 дертіне шалдыққан жүкті әйелдердің жағдайы туралы айтты. Қалалық перинаталды орталық маманы «биыл инфекциялық бөлімде 279 әйел арнайы бақылауда болды», дейді. Сондай-ақ, 8 нәресте де ем қабылдаған. Дәрігердің айтуынша, жүкті әйелдерде коронавирусты жұқтыру деңгейі орта және аса ауыр жағдайда өтеді екен.

«Симптомды түрлерінің өзінде вирустың зақымдауы ағзаға байланысты бөлінеді. Жоғарғы тыныс жолдары зақымданса, фаренгит, ренит белгілерімен, ал төменгі тыныс жолдары және өкпе қабынса, онда ол пневмонияның белгілерімен, өкпеден тыс та, басқа мүшелерді де бұл вирус зақымдауы мүмкін», – деді қалалық перинаталды орталықтың геникологы Әсел Омарқұлова.

Айта кетейік, дәрігер жүктілік кезінде вакцина салғызу мәселесіне де тоқталды. «Егер әйел вакцинаның бірінші дозасын алып, жүкті екенін білсе, мұнда қорқатын ештеңе жоқ», дейді маман.

«Ең дұрысы- жүктілікті жоспарлау кезінде вакцина салғызу. Яғни, аяғы ауыр болғанға дейін, 1 ай бұрын екпе алу қажет. Қазан-қараша айларында келеді деп жоспарланған Phizer вакцинасын жүкті әйелдер де салғыза алады. Енді, екпе алу - індеттен сақтану екені айқын ғой», – деді акушер-гинеколог Вячеслав Локшин.

Мамандар жүктілік кезінде өсіп келе жатқан нәресте әйелдің өкпесі мен жүрегіне қысым жасайтынын ескертеді. Ал бұл өз кезегінде қан айналымын қиындатып, індетке шалдыққан болашақ ананың тыныс алуына да кедергі келтіреді. Сондықтан, маман кеңесіне жүгіну аса маңызды дейді дәрігерлер.

Мадина Оқас,  Арсен Сандыбаев,«Алматы »телеарнасы.

Новости партнеров