Алматыдағы вакцинация: дәрігерлер жаңа челлендж бастады

Almaty.tv
Almaty.tv
Дәрігерлер бұл бастаманы өзге де әріптестеріне жолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық дәрігерлер екпенің маңыздылығын елге жеткізбек ниетте жаңа челлендж бастады. №9 емхана қызметкерлері вакцина туралы әлеуметтік желілерде тарахан алып-қашпа әңгімелерге осылайша жауап қатты. Енді бұл бастама қаланың өзге де медицина мекемелерінде жалғасын таппақ, деп хабарлайды Almaty.tv

Әлеуметтік желілерде екпеге қатысты түрлі қауесет таратушылар азаяр емес. Осындай дақпырт әңгімеге нүкте қою үшін Алматыдағы №9 емхананың ақ халаттылары жаңа челлендж бастады. Олар өздері әзірлеген қысқа ғана бейнероликте вацинаның маңыздылығына тоқталады. Сөйтіп дәрігерлер бұл бастаманы өзге де әріптестеріне жолдады.

Шаһарда 1-ақпаннан бері екпенің 1-компонентін 919 мың 907 адам, ал 2-компонентін 807 мың 786 адам алған. Ал, Түрксіб ауданындағы №9 емханада осы уақытқа дейін 23 мыңға жуық адам вакцина салғызуға келіпті. Мамандардың айтуынша, ұйымдастырылып отырған бұл бастама ең алдымен, вакцинациялау қарқынын арттыруға бағытталған.

«Қазіргі таңда індеттен құтылудың бірден-бір жолы – екпе алу. Сол себепті біз №9 емхана ұжымымен осы челленджды бастадық. Басты мақсаты тұрғындарға екпенің маңыздылығы жайлы және ұжымдық иммунитетті қалыптастыруды түсіндіру болып табылады», – деді №9 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Мадина Туашева.

Түрксіб ауданының тұрғыны Сабина Даршова бауырымен бірге бүгін екпенің 2-компонентін алды. Айтуынша, бұл-әркімнің қоғам алдындағы жауапкершілігі.

«Мен өзімді және өзгелерді індеттен қорғау үшін екпе аламын деп шештім. Оның үстіне, еш алаңдамай жүріп-тұру үшін вакцина салғызған жөн. Екпенің 1-компонентінен кейін өзімді жақсы сезіндім. Бұл жолы да солай», – деді қала тұрғыны Сабина Даршова.

Жалпы, Алматы қаласында 160 вакциналау пункті жұмыс істейді. 237 екпе егу бригадасына 1 028 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Жанар Ғаниқызы, Жасұлан Өмірзақов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров