Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді
Қазақстанда коронавируске шалдыққан 60 мыңға жуық адамның 1700-і бала. Карантин кезінде балалар арасында қатерлі дертті жұқтыру азайғанымен, жаңа оқу жылында олардың саны күрт өсуі мүмкін. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар, еліміздің бас дәрігері індетпен күресте қандай дәрігерлер тапшы болып отырғанын айтты.
«Бүгінгі күні коронавируспен күреске 46 мыңнан астам маман жұмылдырылды. Аймақтарда эпидемиологтар, пульмонологтар, анестезиологтар, инфекционистер, реанимотологтар тапшы. Мәселені оқу орындарының түлектерін тарту арқылы шешіп жатырмыз. Бүгінгі күні медициналық оқу орындарынан 2 мыңнан астам маман мен волонтерлер жұмылдырылды. Коронавируске шалдыққандарды емдеп жатқан дәрігерлерге ары қарай да өтемақы төленеді. Президент тапсырмасына сай Атырауда медициналық қызметкерлер жетіспеушілігі түйткілінің түйінін тарқатуға тырысып жатырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтай министрі Алексей Цой.
Ал, елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі Ресей және Үндістан мемлекеттерінен препараттар жеткізумен шешіліп жатыр. Министрдің айтуы бойынша, бүгінгі күні отандық өндірушілердің өнімдерін қосқанда 3 жарым миллион қаптама дәрі аймақтарға жеткізілген. Сондай-ақ, Алексей Цой Қазақстанда бар-жоғы 966 өкпені жасанды желдету аппараты бар екенін мәлімдеді. Қосымша 4 мыңнан астам мұндай аппаратпен жабдықтау қажеттілігі туындап отырған көрінеді.