Әйел адамның үйі жерлеу рәсімінен кейін дезинфекцияланады

28.03.2020 00:33

Коронавирустан көз жұмған ақмолалық әйел Алматы қаласы мен Шуға қонаққа барған

Almaty.tv.

Коронавирустан көз жұмған ақмолалық әйел  Алматы қаласы мен Шуға қонаққа барған. Ол жерде наурыздың 13-інен 17-сіне дейін болыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай ақпаратты онлайн-брифинг барысында Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов айтты. Айтуынша, 64 жастағы әйел адам екі күн бұрын ауыр жағдайда жедел-жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің шараларына қарамастан, тәулік өтісімен көз жұмды.

«Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының атынан, барша ақмолалықтардың атынан және жеке өзімнен көз жұмған азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Өлім себебі – жаппай екі жақты пневмония, тынысалу жеткіліксіздігі, қант диабеті фонындағы сепсис, гипертоникалық аурулар мен атеросклероз. Пневмония себебі – коронавирус», – деді  Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен ІЛИЯСОВ.

Бұл елімізде коронавирустан мерт болған алғашқы жағдай. Қазіргі кезде аталған азаматшамен байланыста болған барлық тұлғалар анықталып, оқшауланған. Олардан COVID-19-ға сынама алынды. Ал әйел адамның үйі жерлеу рәсімінен кейін дезинфекцияланады.

«Қазір барлық эпидемияға қарсы шаралар кешені жүргізілуде. Бүгін жерлеу рәсімінен кейін үй толықтай дезинфекцияланады. Оны Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық сараптама орталығы жүргізетін болады», – деді Ақмола облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігі департаменті жетекшісінің орынбасары Серік ОМАРХАНОВ.