Елде төтенше жағдай тоқтатылғанымен, вирустың таралу қаупі жоғары кейбір қалаларда карантин жалғасуда
Алматыда карантин режимі аяқталған жоқ. Елде төтенше жағдай тоқтатылғанымен, вирустың таралу қаупі жоғары кейбір қалаларда карантин жалғасуда. Осы орайда қала тұрғындары 11 мамырдан бастап не істеуге құқылы және қандай жағдайда жауапкершілікке тартылады? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
11 мамырдан кейін қала көшелерінде серуендеген тұрғындардың саны арты бастаған. Алайда олардың көбі карантин талаптарын сақтап жатқан жоқ дейді мамандар. Сондықтан босаңсуға әлі ерте.
«Далаға шыққан кезде және нысандарға кірген кезде міндетті түрде бетперде тағу керек. Алдын алу шараларымыз, біріншіден, тек қана айыппұл емес, біздің жұмысымыз – ағарту жұмысы. Екінші орында оларды реттеуге арналған құжаттарды дайындап, қолына беру», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.
Төтенже жағдай уақытында ереже бұзылса, заң алдында жауап беретін еді. Ал, карантин кезінде тұрғындарға тек ескерту айтумен шектелеміз дейді полицейлер.
«Қазір өздеріңіз кейде байқайсыздар, маскасыз жүргендер көп адамды көресіздер. Масканы шешпеу керек. Карантинді бұзбау үшін әрқайсысымен жеке-жеке түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі кезде олар жауапқа тартылмайды. Өйткені біз төтенше жағдайдан кейін тек ескертумен жұмыс жасап жатырмыз», – деді қалалық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манап САТТАРОВ.
Осы тұста, қала тұрғындарының көпшілігі сақтық шараларын әлі ұзақ уақыт қатаң ұстанатынын айтса, кейбіреулері бетпердесіз жүр.
БЛИЦ:
1. Бізде антисептик бар. Міндетті түрде 15 минуттан кейін қолымызды тазалаймыз. Міндетті түрде тазалықты сақтаймыз. Бір жыл осылай сақтанып жүреміз.
2. Билайн нөмір алу керек болды да шұғыл түрде. Сол үшін ғана шықтық. Басқа шаруаларға шықпаймыз. Хлормен дезинфекциялап отырамыз.
Мегаполисте екі айға созылған карантин режимі тұрғындар арасында қауіпті індеттің таралуының алдын алу мақсатында енгізілген болатын. Қазіргі таңда елде төтенше жағдай тоқтатылған. Ал карантин режимі әлі де жалғасуда және қашан аяқталатыны белгісіз. Мамандар вирусты жұқтыру қауіпі бәсеңдеген сәтте ғана карантин алынып тасталуы мүмкін дейді. Осы орайда қала тұрғындарының әрқайсысы күнделікті үйреншікті өмірімізге оралуымыз үшін өз үлесін қоса алады. Ол үшін тек санитарлық нормаларды естен шығармай, медициналық бетперде мен қолғапты киіп, 1-1,5 метр арақашықтықты ұстанған жөн.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы