Коронавирус вакцинасы кімдерге салынбайды

28.01.2021 01:22

Ол туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов айтты

ашық дереккөзден

Елімізде коронавируске қарсы вакциналау екі кезеңмен жүргізіледі. Азаматқа екінші доза 21 күн өткеннен кейін салынады. Ол туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов айтты. Сонымен қатар, ол вакцина азаматтардың келісімі бойынша жасалатынын жеткізді. Дегенмен әлем халқы пандемиядан арылу тек екпе жасау арқылы мүмкін екенін түсініп отырғанын да атап өтті. Ал, егер елімізде науқастар саны 70 пайыздан асса, қатаң шектеулер енгізілуі мүмкін. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Ақпан айының басында Қазақстанға 20 мың дозаға дейінгі көлемде ресейлік өндірістің «Спутник V» вакцинациясының бірінші партиясы жеткізіледі. 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірісінің «Спутник V» вакцинасы тіркеледі. Ал, қазақстандық «QazCovid-іn» отандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн. доза көлемінде өндіру жоспарлануда.

«Вакцина инактивирленген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне қарсы бұрыннан қолданылып келе жатқан вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері жақсы әрі қауіпсіздігін байқатты», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.

Қатерлі дертке қарсы вакцинацияның бірінші кезеңінде медицина қызметкерлеріне ақпаннан бастап екпе жасалады. Одан кейін наурыз айында педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері, студенттер, ал мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. Вакцина 18 жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдерге, 65 жастан асқан азаматтарға салынбайды. Сонымен қатар, екпе жасар алдында азаматтың денсаулығына мән беріледі.

«Вакцина жүргізер алдында дене қызуын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру арқылы дәрігер міндетті түрде тексеру жүргізеді. Егер дене қызуы 37°C-тан жоғары болса, вакцинация кейінге қалдырылады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.

Кеше Үкіметтің жалпы отырысында Президент иммундық мәртебе туралы ақпараты бар QR-кодты енгізілетіні туралы айтқан болатын. Бұл вакцина алған адамдардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді, дейді Марат Шоранов. Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде жарияланған «Чиптеу» туралы мәселе фейк ақпарат екенін айтты.

Министрлік өкілдері азаматтарға тек вакцинаның арқасында қалыпты өмірге оралатынымыз мүмкін болатынын айтады. Бүгінгі күні бүкіл әлемде вакцинация жүргізу үйренішті өмірге карантинсіз оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақшалар мен мектептерге, студенттердің дәріс залдарына оралуына және жалпы отбасымызбен, әріптестерімізбен, достарымызбен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік беретінін түсіну керек дейді. Егер науқастар саны артып, 70%-дан асатын болса, қатаң карантин қайта енгізілеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.