Есімі ел жадында сақталады: 2021 жылы дүниеден өткен танымал тұлғалар

31.12.2021 00:50

Мәңгілік сапарға аттанғандардың арасында белгілі ақын-жазушылар мен актерлер, ғалымдар мен журналистер бар

фото из открытых источников, коллаж Almaty.tv

Тәуелсіз Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың көбі биыл бақилық болып, жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Мәңгілік сапарға аттанғандардың арасында белгілі ақын-жазушылар мен актерлер, ғалымдар мен журналистер бар. Олардың бәрі де артына өшпестей із қалдырған қайраткерлер еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


2021 жылдың алғашқы үш айында қазақ жұрты үш бірдей нар тұлғасынан айырылды. Ақпан айының 15-і күні белгілі ақын Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озса, 2 күннен кейін қазақ журналистикасының қара нары – Нұртілеу Иманғали қайтыс болды деген суық хабар жетті. Ал 31 наурызда егемендігіміздің символы болған елтаңба авторының бірі – Шот-Аман Уәлиханов дүние салды. Ұлты үшін туған перзенттердің есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Сәуір айында ұлт руханиятының аспаны қара жамылды. Мәселен, 85 жасына 20 күн қалғанда жазушы Қабдеш Жұмаділов дүниеден өтті. Кезінде атажұртын сағынып елге оралған қаламгер ұлттың әдебиетіне өшпестей мол мұра қалдырып кетті. Ал 19 сәуірде 72 жасында актриса Ғазиза Әбдінәбиева қайтыс болды. Өмірін өнер жолына арнаған ол көптеген отандық кинофильмдерде қазақ әйелінің, анасының, әжесінің рөлін сомдаған еді. Ай соңында барша жұрттың қабырғасы қайта қайысты. Себебі бұл жалғанды әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев артқа тастап, барша отандасты еңіретіп кетті. 81 жасында бірнеше апта бойы коронавируспен күресіп, індеттен айыға алмай қайтыс болды. Ал ол жазып кеткен «Атамекен» әні қазақ жұртының екінші әнұранына айналып, мәңгі шырқала бермек.

15 шілде күні дінтанушы Әбсаттар Қажы Дербісәлі мәңгілік сапарға аттанды. Дінтанушы екі рет Қазақстан мұсылмандар діни қауымдастығының құрылтайында Бас мүфти болып сайланды. Арабтану ғылымы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылыми доктор, тұңғыш профессор және тұңғыш академик. Ал 16 тамызда қазақ журналистикасы ең беделді тележүргізуші, комментатордан айырылды. Спорт саласының үздік тілшісі Амангелді Сейітхан 52 жасында коронавирус жұқтырып, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сұм індет қабырғаны қайыстырып, біртуар азаматымыздың жанын қиды.

Қараша айында 87 жасқа қараған шағында мемлекет және қоғам қайраткері, қаржыгер Дәулет Сембаев өмірден озды. Ол төл валютамыз енгізілген жылдары Ұлттық банк төрағасы болған. Теңгені дайындап, оны айналымға енгізген комиссия құрамына кірген. Сонымен қатар 1998 жылы жасалған зейнетақы реформасын жасады. Ал 6 желтоқсанда белгілі тарихшы Талас Омарбек қайтыс болды. Ол өмірлік жолын ғылымға арнап, қазақ тарихының қайта жаңғыруына орасан зор үлес қосты.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы