Алматы облысында 1 мыңға жуық оқушы коронавирус жұқтырған

Алматы облысында 1 мыңға жуық оқушы коронавирус жұқтырған
Қазір карантинге жабылған 589 сыныптың 241-і, яғни 3065 оқушы мектепке оралған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 1 мыңға жуық оқушы коронавирус жұқтырған. Оның басым бөлігі офлайн оқу кезінде тіркеліпті. Небәрі бір айдың айналасында оқушылар арасында індеттің күрт өршуіне не себеп болуы мүмкін? Аlmaty.tv тілшілері облыс мектептеріндегі жағдайды көріп қайтқан еді.  

Іле ауданына қарасты №7 орта мектепте қыркүйектің басында бір оқушы індет жұқтырған. Сол кезде бірден бүкіл бір сынып екі апта карантинде болып келген. Қазір білім ордасында жағдай тұрақталыпты.

«Мектебімізде ауырған педагогтер жоқ. Барлығы вакцинадан өтті. Сондықтан бала денсаулығына мектеп қауіпсіз деп ойлаймын», – деді Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектептің директоры Захида Төреқожаева.

Ал осы мектептің тура қасында орналасқан №38 мектеп-гимназиядағы жағдай көңіл көншітпейді. Себебі оқу жылының алғашқы айының өзінде 3 мұғалім мен 12 оқушы індет жұқтырып үлгерген. Соның салдарынан 18 сынып карантинге жабылыпты. Ал директор мектепте індеттің мұнша артып кетуін бала санының көптігімен байланыстырды.

«Бұл мектеп Іле ауданындағы ең ірі мектептердің бірі болғандықтан, оқушылар саны да көп. Бірақ соған қарамастан, біз барлық бекітілген нормаларды қатаң ұстанамыз», – деді Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Асқарбаева.

Ауырған мұғалімдердің екеуі қазір жұмысқа кіріскен. Балалар да офлайн оқуға оралыпты.

Жуырда ғана екі апталық карантиннен шыққан сынып оқушыларының жағдайы тәуір дейді мұғалімдер. Әйтсе де мектепте қазір бір сынып карантинге жабылған. Соған қарамастан балалар оқуын онлайн жалғастырып жатыр.

Жалпы, облыс бойынша 982 оқушыдан коронавирус расталып, оқшауланыпты. Оның 742 жағдайы дәстүрлі форматта оқу кезінде тіркелген.

«25 жағдай онлайн оқыту кезінде, 742 жағдай офлайн оқыту кезінде тіркелген. Облыстың 247 мектебінің 589 сыныбына карантин енгізу туралы 583 қаулы шығарылған болатын», – деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет.

Қазір сол карантинге жабылған 589 сыныптың 241-і, яғни 3065 оқушы қайта мектепке оралған.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров