Қауіпті індет әлі саябырсыған жоқ
Қауіпті індет қазақ қоғамындағы талай нартұлғаны ортамыздан алып кетті. Бірі ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті, енді бірі ұлт саулығы үшін алдыңғы шепте жүрді, тағы біреуі қазақ өнерінің майталманы болды. Вирус ханды да, қараны да талғамайтынын көрсетті. Індет әлі де іргемізде. Сол себепті арқаны кеңге салу ерте. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын әр салада жарық жұлдызға айналған дара тұлғалардың жарқын бейнесін тағы бір мәрте еске алды.
Коронавирус қазақ халқының маңдайына біткен арда азамат, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті арамыздан алып кетті. Жолдастары оның өмірінде бір ғана мақсат бар еді деп еске алады. Ол «ұлтыма қалай адал қызмет қылам, қалай пайдалы болам» деген ақкөңіл тілек. Ұлт мақтанышының елі үшін еткен еңбегі орасан. Жас спортшыларға ұстаздық қылып, бар білімін үйретуден жалықпады. Ауыл шаруашылығы саласында да тыңнан түре салды. Зеңгі баба мен Шопан ата сынды төрт түлікті баптап ұстаудың шебері болды. Грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионы 70 жасқа қараған шағында қауіпті кеселден көз жұмған еді. Биыл оның өмірден озғанына бір жыл.
Халық ықыласына бөленіп, өміршең әндерді жарыққа шығарған танымал композитор Кеңес Дүйсекеев те қауіпті індеттің кесірінен 74 жасында келместің кемесіне мінді. Тыңдарман жүрегінен өшпес орын алған талантты композитор 200-ден астам әннің авторы. Көзі тірісінде бірнеше жерде басшылық қызметтер атқарып, «Парасат» «Құрмет» ордендерін иеленді. «Сәлем саған туған ел», «Өмір, Өмір», «Іңкәр жүрек» сынды танымал әндердің тізімі дәл осылай жалғасып кете береді. Көзі тірісінде әр сұхбатында соқпағы мен сүрлеуі мол өнер жолына көлденең келген көк аттыға орын жоқ деп әр кез айтып отыратын.
Өз ғұмырында қазақты өміршең әнімен тербеп кеткен тағы бір талантты дара тұлға – Ескендір Хасанғалиев. Бірігей туындылары алтын қордан орын алды. Өшпес ізі қалды. Жақындары «оның күйсандығы да, микрофоны да, өзі де үнемі бабында болатын еді» деп сағынышпен еске алады. Ол ең жоғарғы мемлекеттік марапат «Отан» орденін иеленген қазақ ән өнерінің мэтрі. Ескірмеген махаббат әнінің композиторы Ескендір Хасанғалиевтің артынан қалдырған мұрасы ешуақытта ескірмек емес.
Бұл жылдары отандық денсаулық сақтау саласы да білікті мамандарынан айырылды. Соның бірі – Иван Ли қауіпті індеттің ілмегіне ілініп, кесел кесірінен бақилық болды. 1960 жылы 26 ақпанда Қарағандыда дүниеге келген ол жоғары білікті уролог-дәрігер болды. Әр жылдары ауруханаларда бас дәрігердің орынбасары, штаттан тыс бас уролог сынды басшылық қызметтерді атқарған. Өмірінің соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 аурухананың бас дәрігері болып еңбек етті.
«Алтын құрсақ, Алаш бар кезде әлі талай азаматтар туылар. Дегенмен орны бөлек, жөні бөлек бір дәуірді дүркіреткен тұлғалар сол дәуірді өзімен бірге алып кетіп жатыр. Бір ақын өлсе талай, қырылды өлең деп Кенен атам айтпақшы, бір ақын кетті деген сөз бүкіл қазына кетті деген сөз. Сол сияқты аядай ғана айналып болмас аз уақытта қаншама қазынамыздан айрылып жатырмыз. Бұл өте өкінішті, орны толмайтын дүние. Олардың әруағы риза болып, иманы жолдас болсын. Артындағы қазынасы елдің иглілігіне айналсын», – деді Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан.
Қауіпті індет әлі саябырсыған жоқ. Соңғы айларда өкінішке қарай, ауру жұқтырғандар саны өсіп, көз жұмғандар да көбейді. Елімізде вирус алғаш тіркелген күннен бастап коронавирусты 500 мыңға жуық адам жұқтырған. 4997 адам қауіпті кеселден көз жұмды. Бұл ретте дәрігерлер ауыр дерттен сақтанудың бірден-бір жолы екпе алып, иммунитет қалыптастыру екенін айтады.
Ұлағат Арғын, Нұрбол Әбдікеримов «Алматы» телеарнасы