Қарағандылық фармацевт коронавирустан тиімді ем-дом тауып отыр. Қауіпті індеттен сауығу әдісін ол WhatsApp мессенджері арқылы айтып, аудаиожазба қазір көпшілікке тарап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Инфекционист мамандар дерт дендеп жатқан уақытта әлдебір дәрі-дәрмекті жарнамалап жатқан фармкомпаниялар көбейгенін айтады. Ал, қалай сақтанарын білмей жүрген көпшілік әлгі дәріні жаппай сатып алып жатыр екен. Алайда бұл дәрілік заттар қаншалықты тиімді? Ал белгілі дәріні жарнамалаған аудио авторы жазалана ма?
Оқиға орнынан:
– Мен коронавируспен бір жарым жыл бұрын ауырып шықтым. Оны компьютерлік томография да растап отыр. Сұмдық пневмония болған. Тыныстай алмап едім. Сонда ингавирин ғана көмектесті. Менің емімнің әдісі ондаған адамға көмектесті. Сондықтан бұл ақпаратты бөлісіп жатырмын.
Бұл аудио жазбаның авторы қарағандылық дәріханалардың бірінде фармацевт болып жұмыс істейді. COVID-19-дың емін білемін деп, өзінің тәжірибесіне сүйенеді. Өкінішке қарай, бұл азаматшамен тілдесу мүмкін болмады. Қарағанды облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері болса аудиожазба жайлы хабардар.
«Жақын құрбыларыма жібергенмін дейді. Жарнама жасаймын деген жоқпын. Сол дәрілік затты өндірушімен менде ешқандай келісімшартым жоқ. Мен одан ешқандай пайда көріп отырған жоқпын деп солай түсіндіреді ол кісі. Бірақ та бәріміз түсінеміз ғой, ол енді жарнама болып, елдің арасына таралып кетті. Сондықтан біз осы материалдарды Полиция департаментіне жолдап, солар қандай баға берер еді заң түрінде, қандай шаралар қолданады, солар шешеді», – деді Қарағанды облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Фарида Макеева.
Инфекционист дәрігер Динагүл Баешева індет дендеген сайын көптеген фармкомпаниялары жағдайды пайдасына жаратып отырғанын айтады. Яғни, әркім өз өнімдерін жарнамалап, түрлі хабар таратып жатқан көрінеді. Ал, хабарламаны алған әр азамат дәріханадан сол препараттарды көптеп сатып алған.
«Тек емханада ғана қолданатын, ол деген антиретровирус тобына жататын дәрі-дәрмектер, сертификаттан өткен, дәлелденген дәрілерді ғана COVID-19 деген штаммына қарсы қолдануға болады», – деді ҚР Жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева.
Қазір интернет парақшаларын ашып қалсаң, коронавирус инфекциясынан емделудің небір әдістері бар. Бірі халықтық тәсілдермен сауығуға болады десе, енді бірі күшті антибиотиктерге кеңес беруде. Алайда, инфекционист мамандар дәп COVID-19-дан сауықтыратын дәрі-дәрмек әлі жоқ екенін алға тартады. Ал тәртіп сақшылары болса, әлдебір препаратты жарнамалаған жалған ақпарат үшін тұлғаға қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін екенін айтады. Сондықтан коронавирус емі осы деген әңгімелерге сенудің қажеті жоқ. Тек ресми мәлімет білген дұрыс.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан