Алмалы ауданы әкімдігі мониторингтік топпен бірге кәсіпкерлік нысандарда тексеріс жүргізді

13.03.2021 00:45

Алматыда карантин шараларының күшейтілуіне байланысты тексеріс те қатаңдатылды

Алматыда карантин шараларының күшейтілуіне байланысты тексеріс те қатаңдатылды. Бүгін Алмалы ауданы әкімдігі бастаған мониторингтік топ тамақтану орындары мен ірі сауда ойын-сауық орталықтарына тексеріс жүргізді. Сөйтсе, бетперде тақпау, арақашықтық сақтамау былай тұрсын, балаларға арналған ойын-сауық саябағына дейін жұмыс істеп тұр. Тақырыпты мобильді топпен тексеріске шығып келген Almaty.tv тілшісі жалғастырады.

Осылайша істеп тұрған ойын-сауық саябағы біз келгенде жұмысын дереу тоқтатты. Мұндағы қызметкерлер келушілерді тез арада сыртқа шығаруға асыққан. Ал қаладағы ірі сауда орталығының жауаптылары тіпті түсініктеме жазып беруден бас тартты.

Сауда ойын-сауық орталығынан мониторнигтік топтың анықтаған тағы бір олқылығы – тамақтану орындарында арақашықтық мүлдем сақталмағаны. Тіпті, бетперде тақпай жүргендерді де кезіктірдік.

Алмалы ауданы әкімдігімен бірлесе жүргізілген тексеріс нәтижесінде, сауда орталықтарының бірінде, өздеріңіз көріп тұрғандай, ешқандай арақашықтық сақталмайды. Кішкентай ғана жерде 30 шақты адам жиналып, тамақтану үстінде.

Кезекті тамақтану орнына тексеріс жасау кезінде өрескел тәртіп бұзушылықты байқамадық. Тек мұнда келушілер саны бас санитар дәрігердің қаулысында белгіленгеннен біршама көп болып шықты. Мекеме әкімшісі орын алған жайтты қағаз бетіне түсіріп, түсініктеме жазып берді.

«Жалпы бәрі жақсы. Ішінде бәрі бетпердесін киген, бәрі таза. Тек қана адам саны көп болып тұр. Жалпы 160 адамға арналған қоғамдық орын. Мұнда 68 адам тамақтанып отыр, кішкентай балаларды санамағанның өзінде», – деді Алмалы ауданы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур Бақтияров.

Бұл түсініктемелерді Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы СЭБ мамандарына жібереді. Одан келіп аталмыш қоғамдық орындарға тиісті шаралар қолданылады. Мобильді топтық құрамына енген нұротандықтар өрескел тәртіп бұзушылықтардың жиі орын алатынын айтады.

«Карантин талаптарын мүлде сақтамайтын орындар бар. Олар сақтық шараларын ескермей жұмыс істейді, сөйтіп өзін де, келушілердің де денсаулығын қатерге тігеді. Алматы тұрғындары, жалпы барша қазақстандықтар қорғануды жеке басынан бастаса екен, бұл жайтқа немқұрайлы қарамаса екен деймін», – деді «Нұр Отан» партиясының өкілі Әкежан Сайлаубай.

Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты карантин шаралары күшейтіліп, тексеріс қатаңдатылды. Бұл ретте сақтық шараларын мұқият сақтауды ұмытпаған абзал.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы