Алматыда бүгінге дейін 72 кәсіпорынның қызметкерлері вакцина алған

 Алматыда бүгінге дейін 72 кәсіпорынның қызметкерлері вакцина алған
Қызметкерлерге екпе салу үшін кәсіпорынға дәрігерлердің өзі арнайы келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қауіпті індет қазақ қоғамындағы талай нартұлғаны ортамыздан әкетті. Бірі ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті, енді бірі ұлт саулығы үшін алдыңғы шепте жүрді, тағы біреуі қара өнердің майталманы болды. Вирус ханды да, қараны да талғамайтынын көрсетті. Соңғы айларда, өкінішке қарай, ауру жұқтырғандар саны өсіп, көз жұмғандар да көбейді. Бұл ретте дәрігерлер кеселден сақтанудың бірден-бір жолы екпе алып, иммунитет қалыптастыру деп айтудан шаршамақ емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы ауыр машина жасау зауытының 80 жылдық тарихы бар. Кәсіпорын еліміздің көлік-логистика саласының дамуына тың серпін беріп келеді. Мұнда жұмыс істейтін 580 адамның жартысынан көбі бүгін вакцина салдыруға ниет білдірген.  

«Мен екпе алуға бірден келістім. Бұл өз балаларымызбен немерелеріміздің денсаулығы үшін аса маңызды қадам деп білемін. Ковид деген қауіпті індет қой. Сол себепті одан қорғанудың амалы осы деп ойламаймын», – деді кәсіпорын қызметкері Александр Майнцев.

Қызметкерлерге екпе салу үшін кәсіпорынға дәрігерлердің өзі арнайы келген. Бұл мұндағы мамандар үшін ыңғайлы әрі уақытын үнемдейді. Көшпелі бригада мүшелерінің айтуынша, вакцинация басталмас бұрын, дәрігерлер қандай да бір нысанға келіп, негізгі талаптарға сәйкес келетіндігін алдын-ала тексереді. Алдымен антисептиктер орнатылып, қажетті медициналық бұйымдар дайындалды.

«Бүгінгі вакцина алған азаматтарымызға екпеден кейінгі негізі ережелерді түсіндіріп жатырмыз. Олар ауыр өнеркәсіпте жұмыс істегендіктен, 2-3 күн жұмыстан босатылуы керек. Себебі жүк көтеріп, ағзаға ауырлық салуға болмайды. Екпенің келесі компонентін алғанға дейін барынша алкогольдік ішімдіктерді пайдаланбаған жөн», – деді  «Алатау қалалық ауруханасы» ШЖҚ бас мейірбикесі Нәзиля Махпирова.

Бүгінде әлем елдері арасында екпе алғандар ішінен Израиль көш бастап тұр. Бұл елде халқының 80 пайызы вакцина салдырған. Ел билігі карантин талаптарын біраз жеңілдеткен. Тіпті, кейбір нысандарға маскасыз кіруге де рұқсат беріпті.  

«Қандай да бір жұқпалы ауру пайда болған кезде адамдарға вакцина салу бүгін тосыннан шыққан жаңалық емес. 1886 жылы адамдар құтыру инфекциясын жұқтырды. Микробиолог Луи Пастер ауруға қарсы вакцина ойлап тауып қанша адамның өмірін сақтап қалды. Вакцина салу – індеттен сақтанудың тиімді әдіс екені сонау тарихтан бері дәлелденген», – деді С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.

Айта кетейік, осылайша, Алматыда бүгінге дейін 72 кәсіпорынның қызметкерлері ұжым болып вакцина алған. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы өкілдерінің мәліметінше, ай соңына дейін вакцинаның 7-ші траншы жеткізіледі деп күтілуде. Бұл жолғы вакцинаның дозасы 35 мыңға жуықтайды.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров