Алматыдағы емханалар 60 пайызға дейін заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Оған жергілікті бюджетен 43,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 20 миллиарды жұмсалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекетіміздің басты байлығы – халық. Осыны ескерген билік бүгінде денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөліп, медицинаны дамытудың «5 жылдық жоспарын» құрды. Әсіресе, пандемия кезінде ақ халаттылардың қоғамдағы рөлі артып, медицинаны дамыту қажеттілігі туындады. Бүгінде қалада осы сала қалай дамып жатыр және алдағы уақытта нендей шаруалар атқарылады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

2019 жылы дәрігерлік қызметтің сапасын жақсарту үшін қаланың барлық медициналық мекемелеріне аудит жүргізілді. Соның нәтижесінде Алматыда 2020 жылы медициналық ұйымдар 30 мыңнан астам жабдықпен қамтылып, оның 11 мыңға жуығы ескіргені анықталған. Мегаполисте мұндай олқылықтың алдын алу мақсатында 3 жылға бағдарлама құрылып, қаланың әр ауданындағы емхана 60 пайызға дейін заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Оған жергілікті бюджетен 43,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 20 миллиарды жұмсалды.

«Жұмыс жасаған кезде оңай. Оңай диагоз қоюға септігін тигізеді. Аппараттың түсіру мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда тез әрі оңай. Бір күнде адам келуіне байланысты. 50-60 адамға дейін қабылдай аламыз», – деді № 4 қалалық клиникалық ауруханасының рентген-лаборанты Роман Рыскелді.

2019 жылы шаһарда жедел-жәрдем көліктерінің 70%-ы ескіруіне байланысты былтыр 50 жаңа автокөлік алынды. Қазір барлығы заманауи құралмен қамтылған. Диспетчерлік қызмет күшейтілді. Бүгінде қаланың медициналық ұйымдарына 2 миллионнан астам адам тіркелген және  6 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді. Десе де анестезиолог, пульмонолог, кардиолог секілді 590 дәрігер мен 300-ге жуық орта буын қызметкерлерінің қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында биыл жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінбек.  

«Қала әкімінің қолдауымен қазір резидентурада оқып жатқан біздің болашақ дәрігерлеріміз бар. Солардың грантын көбейтетін болады. Одан кейін медициналық коледждарға берілетін гранттардың көлемін көбейтетін боламыз. Өзімізде жетіспейтін мамандықтарды үй жағын шешіп беруге, одан кейін социалдық пакеттерге көмек көрсету бойынша жұмыстар атқаруды алдымызға қойып отырмыз», – деді «Телемедицина» орталығының басшысы Лаура Мырзағали.

Шаһарда медицинаның қолжетімді болуы мақсатында 2019 жылы 11 амбулатория ашылып, соңғы 5 жылда емханалық ұйымдардың жоспарлы қуаты 7,4%-ға өскен. Биыл жаңа емханалардың жалпы саны 35-ке жетпек. Сондай-ақ 2021 жылға Жетісу ауданында отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Әуезов ауданында 200 адам қабылдайтын емхана салу және Абай даңғылы мен Масанчи көшесінің қиылысындағы бұрынғы темір жол ауруханасын қайта жаңарту және күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Онда 300 төсектік балаларды оңалту орталығы ашылмақ.

«Балалардың офтольмологиялық орталықтарын ашу, балалардың неврологиялық орталығын ашу, балалардың реабилитациялы орталығын ашу – бұл біздің 2021 жылға қойып отырған міндетіміздің бірі. Биыл модульді дәрігерлік амбулаториялар және модульді компьютерлік орталықтар салу біздің жоспарымызда тұр», – деді «Телемедицина» орталығының басшысы Лаура Мырзағали.

Сондай-ақ Құлжа тас жолы бойында аурухана қалашығын салу мүмкіндігі де қарастырылуда. Онда 400 төсектік қалалық онкология орталығы, паллиативтік көмек орталығы және көп бейінді аурухана орналасатын болады. Жалпы 2021 жылы өлімді азайту, ер адамдарға медициналық көмекті ұлғайту және әйелдер консультациялары мен босануға көмектесетін ұйымдардың жұмыстары күшейтілетін болады. Сонымен қатар қалада ана мен бала өлімі төмендеген. Бұл мәселеге алдағы уақытта да ерекше ден қойылмақ.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров