COVID-19 індетінің еліміздің әр аумағына таралуына байланысты Жамбыл облысы шұғыл шараларға көшуге мәжбүр. Бүгінде облысқа кірер тұстарға блок-бекеттер қойылып, өзге қалаға қатынау шектеле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыс орталығында залалысыздандыру жұмыстары жүргізіліп, бизнес нысандары да бақылауға алынуда.
Коронавирус індеті Жамбылға жеткелі, қауіпсіздік шаралары күшейе бастады. Блок-бекеттер Қырғызстан және Қарағанды облысы, Түркістан облысымен шекаралас екі аумаққа, жапы саны 4 жерге орнатылды. Санитарлық-карантиндік бекеттерде, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ондаған медицина, полиция және прокуратура қызметкерлері жұмыс істеуде.
Тараз қаласындағы барлық 500-ге жуық аялдама мен тұрғын үй аулаларына, күнделікті дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы карантинге жабылғалы, автобекеттер жұмысы тұралаған. Мұндағы көлік те адам саны да айтарлықтай аз. Тараз – Алматы, Тараз – Нұр-Сұлтан бағыты жұмысын мүлде тоқтатқан. Оған қоса, бекеттегі сауда орындары да жабық.
«Автобекет аумағындағы кіші сауда орындарының барлығы жабылды. Ол кісілер бізге аренда төлемейді. 19 наурыздан бастап, Тараз – Алматы, Тараз – Нұр-Сұлтан бағытындағы маршруттар тоқтатылған», – деді «Автобекет-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Алмагүл МЕТЕНОВА.
Қазіргі ахуал пойыз бағыттарының да өзгеруіне әкеліп соққан. Айталық, Маңғыстаудан елордаға бағытталған отарба енді Атбасар бекетінен тұйықталады. Сонымен қатар, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе қалаларынан Алматыға қатынайтын пойыздар, Шу стансасынан кері қайтады. Вокзал басшылығының айтуынша, дәл осылай 12 жүрдек пойыздың жүру жолы қысқарған. Сондықтан билеттерді кері қайтарып жатқан халықтың саны көп.
«Біздің еліміздің шекралас мемлекеттерге шығатын пойыздар, солардың барлығы тоқтатылды. Пассажирлер билеттерін өткізіп жатыр. Кешелі бері Жамбыл вокзалының өзінде 725 билет қайтарылды. Олардың 10 процент ақшасы қайтарылып берілді. Бүкіл кассалардың барлығы түнімен күнімен жұмыс істеп жатыр осындай режимге байланысты», – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ ҰҚ ЖОФ вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Бейбіт САДЫҚБЕКОВ.
Өңірлердегі қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне байланысты Әулиеата әуежайының да жұмысында өзгерістер бар. Қазір мұнда тек кезекші топ жұмыс істеп, қалғандары қашықтан істеуге көшкен. Бүгінгі таңда Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу бағытындағы әуе рейістері тоқтатылған.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан