Өңірлік сайлау комиссиясы қызметкерлерінен коронавирус анықталды

08.01.2021 00:49

Алматыда пандемия басталғалы бері 19 138 адам ауырды

Фото: ult.kz

Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы алдында Өңірлік сайлау комиссиясы қызметкерлерінен коронавирус анықталды. Сегіз қызметкердің ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл туралы қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин мәлімдеді. 

Ол: «Ай басталғалы коронавирус індетін жұқтырған 700-ден астам адам тіркелді. Қаңтар айына арналған болжам мәз емес. Бұл сан 4500 адамға дейін өсуі мүмкін», – деді.

Ал коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға мегаполистің барлық емханасы жұмылдырылады. Қазір препаратты сынауға 1500 ерікті өтініш білдірген. Олардың 909-ы екпе алып үлгерді. Вакцина ең алдымен дәрігерлерге, ұстаздар мен полиция қызметкерлеріне салынады. Алайда екпенің аллергиясы бар, денсаулығы нашар тұрғындар мен жүкті әйелдер үшін қарсы көрсетілімдері бар.

Сондай-ақ, қазір маусым-шілде айларымен салыстырғанда жедел жәрдем жұмысында жүктеме азайған. Мәселен, коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауыратындар саны 69 пайызға төмендеген.

Айта кетейік, Алматыда пандемия басталғалы бері 19 138 адам ауырды. Соңғы тәулікте 105 жаңа жағдай анықталды.